|
19.04.2023 | 20:03
3175

Сәуірдегі сергелдең: Астанада соңғы тәулікте 131 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам көз жұмды

Көше тазалау жұмыстарына 2 мың 200 адам мен 1000-ға жуық техника жұмылдырылған

Сәуірдегі сергелдең: Астанада соңғы тәулікте 131 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам көз жұмды Almaty.tv


Қыс қаһарын сәуірге сақтаған сыңайлы. Астананы тағы да қар басып қалды. Соңғы тәулікте жаңбыр аралас жауған қар қосылып, жағдай тіпті қиындай түсті. Табиғаттың бұл тосын мінезінен қалада көлік қозғалысы қиындап, жол апаты жиілеп, 131 жағдай тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астанаға бесқонақтың келгеніне төртінші күн. Осы аралықта қардың бір айлық нормасы бірден жауып, тұрғындарды әбден әбігерге салды. Көшеде қозғалыс қиындаған. Қоғамдық көліктерді жұрт сағаттап күтуде. Тазаланбаған қар салдарынан автобустар да жолға шыға алмай қалған.

«Автобустар кешігіп жатыр. Машиналардың барлығы жазғы дөңгелекке ауысып қойған ғой, қарға тығылып жатыр. Қар дұрыс тазаланбаған. Аялдамаларды су басып кеткен», – деді қала тұрғыны Жайық Елтоқ.

«Қаланың оңтүстік-батысында тұрамын. Қар көп. Тазалап үлгермей жатыр», – деді қала тұрғыны Ғалия Әубәкірова.

Табиғаттың тосын мінезінен коммуналдық қызмет мамандары тосылып қалып жатыр. Олар қарды тазалап үлгермей жатыр. Сенбіден бері 70 мың текше метр қар шығарылыпты. Әкімдік ақпарынша, көше тазалау жұмыстарына 2 мың 200 адам мен 1000-ға жуық техника жұмылдырылған.

«Қар көп жауды. Қазір Хазірет Сұлтан мешітін тазалап жатырмыз. Ораза айт келе жатыр, көпшілік намазына келеді. Сондықтан 14-15 адам жаяу жүргіншілер жолы, аялдама, мешіттің айналасын тазалап жатырмыз», – деді«Астана тазалық» ЖШС Алматы ауданы бойынша маманы Жұмабек Нұрланов.

Бұл күндері қалада жол апаты күрт көбейген. Көлік біткен қағылып, соғылып, омбы қарға батып жатыр. Полиция департаментінің ақпарынша, соңғы тәулікте 131 жағдай тіркеліпті.

«Өткен тәулікте елорда жолдарында 131 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 2 азамат зардап шегіп, біреуі қаза тапты. Жол апаты көктайғақты ескермей, жылдамдық режимін, аралықты және қауіпсіз қашықтықты сақтамау нәтижесінде орын алады. Өзіңізбен бірге өзгелердің қауіпсіздігі үшін жол қозғалысы ережесін, жылдамдық режимін, қауіпсіз қашықтықты, бүйірлік аралықты қатаң сақтау қажет. Сақтық шаралары жол-көлік оқиғасының санын азайтуға көмектеседі», – деді Астана қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова.

Бүгінгідей алай-дүлей ауа райында төтеншеліктер алыс жолға шықпауды ескертеді. «Қазгидромет» мамандарының дерегінше, бірнеше өңірде көктайғақ болып,  үсік жүріп, тұман түседі. Бүгін 14 өңірде дауылды ескерту жарияланды.

Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир