Биылғы маусым айы жаңбырлы болады

30.05.2020 22:11

Қазақстан Республикасы бойынша 2020 жылдың маусым айына арналған ауа райы болжамы

Маусым айының бірінші онкүндігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы болады, яғни күн күркіреп, екпінді жел соғып, өткінші жаңбыр жауады, бұршақ түседі, деп хабарлайды Almaty.tv «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірінші онкүндіктің ортасында Қазақстанның солтүстік жартысында, кезеңнің соңында шығысында ауа температурасы түнде +12+20°С-тан +8+13°С-қа дейін, күндіз +27+35°С-тан +17+25°С-қа дейін төмендейді.

Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында ыстықтың бірінші онкүндіктің ортасында – түнде +17+25°С-дан 12+17°С-қа дейін, күндіз +35+44°С-тан +30+35°С-қа дейін бәсеңдеуі күтіледі. Осыған ұқсас төмендеу айдың екінші және үшінші онкүндігінде қайталанады.

Республиканың батысында ауа температурасы түнде +13+18°С-тан +5+13°С-қа дейін, күндіз +23+33°С-тан +30+38°С-қа дейін ауытқуы күтіледі.

Бір ай бойы циклондар мен антициклондардың жиі ауысуымен жауын-шашынсыз ыстық күндер жауын-шашынмен және найзағаймен салқын ауа райына ауысады.

Алдағы уақытта жылудың шыңы республиканың оңтүстік-батыс бөлігінде айдың ортасында ауа температурасы түнде +17 +28°С, күндіз +36 +43°С болады деп күтілуде.

Солтүстік-шығыс жартысында - екінші онкүндіктің соңында және үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде +15+20°С, күндіз +33+39°С болады.

Бір ай ішінде орташа ауа температурасы ҚР-ның басым бөлігінде нормадан 1-2°С жоғары, Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарының солтүстік жартысында норма шамасында болады деп күтілуде.

Жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде норма шамасында, ҚР оңтүстік-батыс жартысында нормадан төмен болады деп болжануда.

Ескерту: бір айға консультативтік болжам синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетілуі мүмкін және онкүндік болжамдармен нақтыланатын болады.