Әп-сәтте «Венецияға» айналдық. Демалыс күндері толассыз жауған жаңбыр Жетісу облысының тұрғындарын әуреге салды. Қатты жауын-шашын салдарынан үйлер мен көшелерді су басып, 4 ауыл халқы шұғыл түрде эвакуацияланды. Зардап шеккен 20 отбасы уақытша мектепке орналастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Ойда жоқта әуре-сарсаңға түстік». Бір демалыста тынығып, серуендеуді жоспарлаған тұрғындар селмен алысып, әлек болғанын айтады. Есік алдына шығу мүмкін емес, су тізеге дейін жетіпті. Толассыз жауған жаңбыр Жетісу облысының Қарабұлақ, Абай, Мәмбет және Ешкіөлмес ауылын басып, бірнеше үйді шайып кеткен.
Бірнеше жыл осы аймақты мекен еткен тұрғындар бұрын-соңды мұндай құбылыс болмағанын айтады. Оқиға орнына жедел жеткен 200-ге жуық құтқарушы адамдарды қауіпсіз жерге көшірді. Қазір үйлерін су басқан отбасылар уақытша мектепті паналауға мәжбүр. Зардап шеккендер жоқ.
– Қазір 400 адам жұмыс жасап жатыр. 12 техника жұмылдырылған. Одан бөлек, эвакуацияланған тұрғындардың үшеуі - ересек, жетеуі - бала. Қалғандары туған-туыстарының үйіне орналасты. Бәрінің жатын орыны бар, ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр, – деді Ескелді ауданының әкімі Елдос Ахметов
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті барлығы су басқан аймақтардан 3,5 мың текше метр су шығарылғанын айтты. Дәл осындай жағдай өткен аптада Қарағанды қаласында да болған еді. Қатты жел үйлердің шатырын жұлып, көліктерді қиратқан. Артынша жаңбыр жауып, салдарынан теміржол бекетін, мектеп пен аулаларды су шайған еді.
Толассыз жауын-шашын Алматыға да түсіп, қаланың бірнеше ауданын су басты. «Қазгидромет» мамандары жалғыз мегаполистің өзінде демалыс күндері бір айлық жаңбырдың 80 пайыз мөлшері жауғанын атап өтті. Салдарынан шаһарда 8 ағаш құлап, шалшықты аттап өтпек болған 1 тұрғын зардап шекті.
Қайрат Советбекұлы, Аяулым Көлжігіт, Айдана Нұраш, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: ШҚО-да ертең қар жауады