|
22.02.2019 | 17:36
6789

Қосымша 5 млрд теңге бөлінеді: Алматы сел қаупіне қаншалықты дайын

Алматыдағы қызыл су басуы мүмкін 67 қауіпті аймақтың 70 пайызы қалаға енді қосылған елдімекендерге тиесілі

Қосымша 5 млрд теңге бөлінеді: Алматы сел қаупіне қаншалықты дайын

Еліміздегі 505 елдімекенді су басу қаупі бар. Олардың дені Алматы, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары аумағында орналасқан. Жыл сайын табиғаттың осы тосын мінезіне төтеп беру үшін ел қазынасынан қыруар қаржы бөлінеді. Биыл осы мақсатқа 17 миллиардтан астам теңге қарастырылған. Ал төтеншеліктер Алматы қаласында бұл мәселе оңтайлы шешілгенін айтуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Жыл сайын тұрғындарды әбігерге салатын қызыл су мәселесі осы бастан көтеріліп жатыр. Бұл қыста республика көлемінде елдімекендерден 3 миллион текше метрден астам қар шығарылыпты. Жауапты ведомство қазірден бастап 1,2 тонна жанар-жағармай, 450 мың тоннадан астам инертті материал мен 790 мың қап, 6,2 тонна жарылғыш зат дайындап қойған.

Бұл – биылдыққа Алматы тауларында ұйымдастырылған екінші жасанды қар көшкіні. Өңірде 156 қар көшкіні жүруі мүмкін шатқал болса, оның 18-і қауіпті деп танылған. Қозғалысқа кедергі келтіретін жерлерін осындай жасанды жолмен түсіреді. Мамандар барлығы ауа райына байланысты дейді. Егер қардың қалыңдығы 70 сантиметрден асса, бұл шара уақыт күттірмей ұйымдастырылады.

«Арнайы жүргізілген сараптама көрсеткендей, қазір Алматыда 67 қауіпті аумақ бар. Оның 55-інде тиісті жұмыстар жүргізіліп, соңғы екі жылда 97 шақырым арық жүйесі салынды. 32 өзен арнасы мен бір сел ұстағыш бекет жөндеуден өтті. Төтенше жағдай орын алып, оның салдарын жою үшін әкімдіктен қосымша 5 миллиард теңге қарастырылып отыр», – деді Алматы қаласы ТЖД басшысы Серік ӘУБӘКІРОВ.

67 қауіпті аймақтың 70 пайызы мамандардың айтуынша, қалаға енді қосылған елдімекендерге тиесілі. Олардың дені Алатау және Наурызбай аудандарында орналасқан. Тұрғындар құрылыс барысында арық жүйесін салуды ескермейтін көрінеді. Ал бар арықты өздері қоқыспен толтырып тастайды дейді.  

«Қалаға енді қосылған аудандардағы құрылыстар қалай болса солай салынған. Арық жүргізу жұмыстары тіпті қарастырылмаған. Мысалы, өткен жылы Медеу ауданына қарасты өзен арналарын тазалау барысында бір жүк көлігі тола пластикалық ыдыс қалдықтарын шығардық», – деді Серік ӘУБӘКІРОВ.

Ал таулы аймақтарда сел қаупі тек мамыр айында басталады. «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары да іске сол уақытта кірісеміз дейді. Олар Алматы тауларындағы қауіп тудыратын 6 мұздық көлді өз бақылауына алған.

«Былтырғы жылы біз Алматының таулы аймақтарындағы 9 көлге жарылып кетпеу үшін арнайы қауіпсіздік жұмыстарын жүргіздік. Олар Ақсай өзені, Үлкен Алматы, Кіші Алматы өзендерінің басындағы мұздық көлдерде суды арнасынан түсіру жұмыстарын жүргіздік. Қыркүйек айындағы есебімізбен 6 жарым миллион текше метр суға дейін Алматы қаласынан берілген су сорғыштар арқылы, өзіміздің сифондар арқылы судың деңгейін төмен қарай түсірдік», – деді «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық техникалық пайдалану басқармасының басшысы Самат ДӘУЛЕНҚАНОВ.

Мамандар қызыл су қаланы баспайды деп сендірді. Берген есептері мен келтірген мысалдары осыған саяды. Ал күн жылына салысымен тұрғындар мен көліктерге ыңғайсыздық тудыратын ағын суға алматылықтардың өздері кінәлі деді төтеншеліктер. Еліміздің Ішкі істер министрлігінің берген мәліметіне сәйкес, табиғаттың тосын мінезінің салдарын жоюға 15 мың құтқарушы мен 2 мың арнайы техника сақадай сай тұр.


Азамат Әуезхан, Ялкунжан Әшімжанов, Влад Шишко


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир