Шығыс Қазақстанда 3 жарым мың тұрғын үйді су басуы мүмкін

Victor Glutsenko
Victor Glutsenko

Алдын алу үшін өңірде қазір дайындық қызу жүріп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шығыс Қазақстанда 3 жарым мың тұрғын үйді су басуы мүмкін. Қауіпті аймақта 9 аудан мен 2 қала бар, деп хабарлады Аlmaty.tv тілшісі.

Мамандардың айтуынша, тасқын облыс орталығының тұрғындарын да әбігерге салуы ықтимал. Су басудың алдын алу үшін өңірде қазір дайындық қызу жүріп жатыр. Эвакуациялық пунктер тексеріліп, жедел әрекет ету топтары құрылған.

Төтенше жағдай қызметкерлері облыстың Шемонаиха ауданындағы эвакуациялық пунктерді тексеріп жатыр. Бүгінде мұнда 10 орын ұйымдастырылған. Мамандар қажет болған жағдайда олардың 700 адамға дейін қабылдауға мүмкіндігі барын айтады. Сондай-ақ, бұл пункттер ыстық тамақпен қамтамасыз етуге әзір. Аймақта қауіп төніп тұрған бірнеше ауыл бар.

- Шемонаиха ауданында сел жүру қаупі басым 5 учаске бар. Олар Шемонаиха қаласында орналасқан аумақтар, Убинка, Усть-Таловка және басқа да ауылдар. Қазір біз әкімдікпен бірлесіп, аудандағы өзендерге жиі мониторинг жүргізуді қолға алдық, - дейді Шемонаиха ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бөлім басшысы Арман Наурызбаев.

Сала мамандарының айтуынша, аудандағы өзендерде мұз кептеліп, су деңгейінің күрт көтерілу қаупі бар. Мәселені біржақты ету үшін жақында мұз жару ісі басталады екен. Қазірдің өзінде бұл үшін бюджеттен 315 миллион теңге бөлініпті.

- Осы аймақта үлкен өзеннің бірі - Уба өзені ағады. Сол жердегі мұзды жару бойынша жұмыстарды атқарып жатырмыз. Бірлесіп жиналыс өткізіп, жару жұмыстарын жүргізетін мердігер анықталды. Мұздың қалыңдығы, қай жерлерін жару керек, барлығын анықтап, сол жұмыстарды жоспарлап жатырмыз, - дейді Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Молдаханов.

Ал Зайсанда аудан орталығындағы көшелерді еріген тау суы басып жатыр. Ақпан айының ортасында мұнда ауа температурасы +17 градусқа дейін жылып кеткен. Сол кезде төтенше жағдай қызметкерлері суды арықтарға ағызып үлгеріп, тұрғын үйлерді су басудан құтқарып қалды. Қазір мамандар гидротехникалық құрылыстарды мұқият тексеруге кіріскен. Әсіресе Үйдене су қоймасындағы апатты жағдайдағы бөгет ерекше бақылауға алынған.

- Сыйымдылығы 75 млн текше метр болатын Үйдене су қоймасы қазір транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Егер тасқын болса, ол жерде су басу қаупі жоғары бірнеше елдімекен бар. Бұл - Кеңсай, Бақасу, Сарыжыра және  Жарсу ауылдары, - дейді Зайсан ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Оразғалиев.

Айта кетейік, Үйдене су қоймасы осыдан 6 жыл бұрын апатты деп танылған. Алайда жергілікті билік мұнда жөндеу жұмыстарын әлі бастамады. Реконструкциялау бойынша дайындалған құжаттар 2016 жылы қабылданған болатын. Енді жоба ескірген. Ал жаңасын әзірлеу үшін бюджеттен тағы 80 миллион теңге көлемінде қаражат қажет. Әзірге ауданда қар шығару, арықтарды тазалау жұмыстары атқарылып жатыр. Су басудың алдын алуға қажетті техника мен материалдар да дайын.  

Гүлмарал Изатқызы, Руслан Мұхамедьяров, «Алматы» телеарнасы, ШҚО

Новости партнеров