Қазақстанда қай өңірінде жол жабық

 Фото: "КазАвтоЖол"
Фото: "КазАвтоЖол"
Ақмола, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Түркістан, Алматы және Жамбыл облысында жол жабық
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда 79 жол әлі жабық тұр. Оның 32-сі республикалық маңызы бар трассалар. «ҚазАвтоЖол» компаниясының ақпарына сай, бірнеше облыстағы трассамен жүру мүмкін емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«ҚазАвтоЖол» компаниясының ақпарына сай, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Түркістан, Алматы және Жамбыл облысында жол жабық. Аталған трассаларда көлікпен жүру мүмкін емес. Қазір жолда қалып қойған адамдарды құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 700 техника мен 1 мың 124 маман жұмылдырылыпты. Өткен тәулікте қар құрсауынан 233 көлік пен 450-ге жуық адам құтқарылған екен. Мамандар «жолға шықпас бұрын ауа-райын әбден зерттеп алған абзал» дейді.  

«Қазавтожол ұлттық компаниясының өзінің әлеуметтік желіде парақшалары бар. Ол жерде қай учаскелердің жабылғаны жазылып тұрады. Соған байланысты сол жерден бәрін қарап және де бізде 1403 деген кол центрге хабарласып, жерден де алдын ала жолға шығатын кезде ақпараттар алып тұрса болады», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК пайдалану департаментінің менеджері Азамат Базарбеков.

Ал ТЖМ жолдағы жағдайды қалпына келтіру үшін арнайы штаб құрылғанын айтады. Блок бекеттерде 1 мың 290 автокөлік жиналып қалған екен. Қазіргі уақытта 725 адам құтқарылыпты. Оның 137-сі бала. Тұрғындарды эвакуациалауға арналған 769 уақытша жылыту пунктері де дайындалған екен.    

«Уақытша пунктеріне 202 адам оның ішінде 16 бала орналастырылды. Халықты ескерту мақсатында  ауа-райының нашарлауы мақсатында 232 смс хабарлама жіберілді. Сондай-ақ дәрмен мобильді қосымшасы арқылы 114 хабарлама жолданды», – деді ҚР ТЖД Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қахарман Оразалин.

Ал Қазгидромет мамандары алдағы күндері ауа-райы нашарламаса, жақсармайды деп отыр. Қазақстанның барлық өңірінде қар жауады екен. Жаңбыр аралас қар жауып, түнде ауа температурасы минус 13-ке дейін төмендеуі мүмкін.  

«Республиканың барлық аумағында жауын-шашын, көбінесе қар жауады. Кей жере көк тайғақ, боран, бұрқасын. Еліміздің шығысында қар жауады деп күтіледі. Солтүстік өңірлерде түнде ауа температурасы 5,10 15,20 аяз. Ал күндіз 10,20 аяздан күндіз 2,10 аязға дейін ауытқиды», – деді «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі Мақпал Ботаева.

Қазавтожол мамандарының колл орталығына тәулігіне 15 мыңға жуық қоңырау келіп түседі екен. Уақытша жылыту пунктеріндегі адамдар саны да артып жатыр. Мамандардың айтуынша, ауа-райы жақсарып, күннің көзі көрінсе, жолды ашады. Ал кейбір жерлер қайта жабылуы әбден мүмкін. Қысқасы, көлікпен сапарға шығар алдында жолыңыздың ашық екеніне көз жеткізіп барып шыққаныңыз дұрыс.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров