Еліміздің басым бөлігінде алдағы үш күнде аптап ыстық күтіледі. Әсіресе, кей аймақтарда сынап бағаны 43 градусқа дейін көтеріледі деп синоптиктер болжап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстанның Батыс бөлігінде өткінші жауын жауады, алайда ол ауа температурасына әсер етпейді дейді мамандар.
«Алдағы үш тәулікте республика бойынша ауа температурасы қатты жоғарылайды. Әсіресе, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау, Атырау облыстарында 43 градусқа дейін ыстық болады. Бұл Иран аумағынан келетін ыстық ауа массаларына байланысты. Осының әсерінен тіпті солтүстік аймақтарда да ауа райы +38 градусқа дейін көтеріледі. Алайда бұл – жаз мезгіліне тән құбылыс, сондықтан одан еш қорқудың қажеті жоқ», – деді Қазгидромет» РМК қысқа мерзімге берілген болжамдар басқармасының жетекші инженері Лаура Сайлыбаева.