Көктайғақ: Астанада бір тәулікте 100-ден аса тұрғын ауруханаға түскен

10.01.2023 23:16

Елімізде 122 жол учаскесі жабылды

egemen.kz

Астанада сарышұнақ аяз күшіне мініп, көшеде аяқ алып жүре алмайтын көктайғаққа айналған. Табиғат тосын мінез танытқанда бас қаланың коммуналдық қызметі тосылып қалып жатыр. Соңғы 1 тәулікте көктайғақтың кесірінен түрлі жарақат алып, ауруханаға түскен тұрғындардың саны 100-ден асты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сарыарқаның сарышұнақ аязы күшейді. Кешелі бері Астанада ауа температурасы 32 градусқа дейін төмендеген. Қатты желдің әсерінен оның күші минус 43 болып сезіледі. Қолайсыз күн райында көктайғақ кесірінен тұрғындардың қатынауы қиындай түскен.

«Қаланың оң жағалауында қар уақытылы алынбай, артынша суықта мұз қатып қалады. Өзім сол ауданда тұрамын. Қарттар мен балаларға қиын.  Құлап қалып жатады», – деді қала тұрғыны Серікжан Ботажан.

«Соңғы 2 күнде күн қатты суытып кетті. Аяздан жолдар қатып, көктайғақ болып жатыр. Жолда қорқасың. Мен өзім күнделікті көлікпен жүремін. Машинамен болсын, жаяу жүретіндер болсын, қиын ғой», – деді қала тұрғыны Андрей Ким

Дәрігерлер соңғы екі күнде қалада көктайғақтан зардап шеккендер саны күрт өсті деп отыр. Қазір қаладағы ауруханалардың жарақат бөлімінде қарбалас басталған. Өткен бір тәулікте ауруханаға түскен тұрғындардың саны 100-ден асыпты. Оның 60 тұрғын көшеде құлап, дене жарақатын алған.

«Кешегі тәулікте бізде 100-ге тарта науқас келді. Оның 60 тұрғын көшеде құлап, жарақат алған. Қазір оның бесеуін біз ауруханаға жатқызып, ота жасалды», – деді  травмотолог дәрігер Досбол Ғалымұлы

Қарлы боран мен көктайғақ салдарынан өткен тәулікте елімізде 122 жол учаскесі жабылды. Оның 42-сі республикалық маңызы бар жолдар. Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпарынша, кеше аязда үсіп, жолда қалған 7 адам құтқарылған. Оның бесеуі бала. Тағы 56 адам уақытша жылыту пункттеріне жеткізіліпті. Синоптиктер қолайсыз күн райы елде алдағы бірнеше тәулікте сақталады деп болжап отыр. Осы орайда төтеншеліктер тұрғындарға алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы