Алматыда түске дейін 600 текше метр қар шығарылды

15.02.2022 23:28

Қардың ең қалың жауған уақыты биыл дәл осы кез болып есептеліп отыр

Almaty.tv

Алматы қыстың соңғы айында қалың қар құрсауында қалды. Түннен бері толассыз жауған ақ ұлпаның көлемі 20 сантиметрден асқан. Көктайғақтың алдын алу үшін жолдарға 3 мың тоннадан астам арнайы құм себеліпті. Алайда көк мұздың кесірінен ауруханаларда жарақат алғандар саны соңғы аптада едәуір көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

    

Екі айдан бері қарсыз жатқан қала ақпанның соңында қалың ақ ұлпаға оранып, қыс қаһарына енді мінген сыңайлы. Әсіресе бүгін түннен бері жапалақтап жауған қар түс қайта тоқтады. Түскен қардың қалыңдығы 15-20 сантиметрге жеткенін көруге болады. Ал таулы аймақтарға қар жарты метрге дейін жауған.

Қардың ең қалың жауған уақыты биыл дәл осы кез болып есептеліп отыр. Таңертең жолға шығатын автокөлік иелері қар құрсауында қалмас үшін коммуналдық шаруашылық қызметкерлері түнімен жолдарды тазартумен болды. Жұмысшылар тротуарлар, жүргіншілер жолы мен аялдамаларды ретке келтірген. Түске дейін қаладан 600 текше метр қар шығарылыпты. Тазалау жұмыстарына барлығы 1,5 мыңға жуық жұмысшы мен 616 бірлік арнайы техника тартылған.

«Жолдарға 205 құм шашатын машинаның көмегімен бірнеше рет көктайғаққа қарсы материалдар себілді. Жұмыстың жасалу технологиясына сәйкес арнайы құм себілген соң қар борпылдақ күйге айналады. Содан кейін сыпырып жинаймыз. Қазірдің өзінде басты көшелер осылай үш рет тазаланды», - деді Тұрғын үй саясаты басқармасы көріктендіру бөлімінің бас маманы Александр Сергеев.

Мамандар көктайғақтың алдын алуын алып-ақ жатыр. Алайда тайып құлап, майып болып ауруханаға түсіп жатқандар жоқ емес. Мәселен, Алматының бір ғана ауруханасына күніне түрлі жарақатпен 40-50 адам түсетін болса, соның 10 шақтысы мұздың кесірінен зардап шеккендер екен.

«Келіп жатқан науқастардың көпшілігі амбулаторлық емдеуге жіберілген. Стационарлық емдеуде жатқан ота жасалатын науқастар бар. Олар – соңғы 4-5 тәулікте түскен науқастар. Атап өтетін болсақ олардың жамбас сүйегі, қол сүйегі, иық сүйегі сынған науқастар бар», - деді №7 қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің травматолог дәрігері Жасұлан Арғынбаев.

Дәрігерлер көбіне адамдар қолы мен аяғын, басын жарақаттайды дейді.

Ал қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ауа райының құбылуынан түнгі сағат 3.00 мен таңғы 10.00 аралығында 15 жол-көлік апаты болған. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Ал «Қазгидрометтің» таратқан ақпарына сенсек, алдағы үш күнде тұман түсіп, көктайғақ болады. Ауа температурасы 7 градусқа дейін төмендейді.

Назкен Еркін, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы