Қарағандыда төтенше жағдай жарияланды

20.11.2023 23:43

Өңірдегі 11 елдімекенде электр жарығы жоқ

Almaty.tv

Қарағандыда төтенше жағдай жарияланды. Демалыс күндері өңірде дауыл соғып, жүзден аса ғимаратқа зақым келген еді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қалалар мен аудандардың әкімдеріне қысқа мерзімде зардап шеккен нысандарды қалпына келтіруді тапсырды. Құтқарушылар әлі де ауа-райының салдарын жойып жатыр.

Айта кетейік, қазір өңірдегі 11 елдімекенде электр жарығы жоқ. Сондай-ақ қатты желдің салдарынан 114 нысанның шатырына зақым келген. Қираған шатырлардың жалпы ауданы 18 мың 947 шаршы метр.

– Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Ақтоғай, Абай, Бұқар жырау, Нұра, Қарқаралы және Шет аудандарының аумағында электр энергиясы ішінара өшіп қалды. Қазіргі уақытта облыстың елдімекендерінің басым бөлігінде электр энергиясы бар, 3 қалада және 4 ауданда авариялық жұмыс жалғасып жатыр, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов.

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: Түркияның 60-тан астам қаласында ескерту жарияланды