|
20.11.2023 | 19:30
2548

СҚО-да 150-ден аса елдімекен жарықсыз отыр

Аймақта бір күнде бір айлық жауын-шашынның нормасы жауды

СҚО-да 150-ден аса елдімекен жарықсыз отыр Almaty.tv

СҚО-да 30 мыңнан астам тұрғын 3 күннен бері жарық пен сусыз отыр. Өңірде бір тәуліктің ішінде қардың бір айлық нормасы жауған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – облыс аудандарының бірінде болған жағдай. Қатты боран мен қар аралас жаңбыр салдарынан жолдағы қозғалыс қиындаған. Өңір полицейлері бір түнде қар құрсауынан 20-дан астам көлікті шығарған. Қала тұрғындары тіпті облыс орталығында жүру қорқынышты болды деп отыр.

– Қар, жауын аралас жауған соң, бәрі қатып қалды. Көп апат болды, көзбен көріп, куә болдық. Ауылдық жерлерде электр қуаты үзілді деп естідік. Көршіміздің ауласында тіпті ағаш құлап жатыр, – деді қала тұрғыны Анатолий Лазаренко.

– Таңертең жаңбыр, кешке қар жауды. Мамандар тазалап үлгермеді. Көлік түгілі, көшеде адам әрең жүрді. Жолдар жабылды, – деді қала тұрғыны Юлия Салтыкова.

Облыс аумағында 4 жылыту пункті ашылып, онда 60-тан астам адам эвакуацияланды. Қатты боран кесірінен ауыл тұрғындарының малы да жоғалып кеткен. Табын іздеген 3 шопан із-түзсіз кетіп, оларды құтқарушылар таңға жуық тапқан. Қатты жел мен жауын-шашын салдарынан үшінші күн қатарынан 150 елдімекен сусыз, жарықсыз отыр.

– 18 қарашадан бастап облыста 11 ауданда, 217-ге жуық елдімекенде жарық сөнді. Бұл – 33 мыңнан астам тұрғын. Қазір жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 10 аудан, 150 елдімекен және 21 мыңнан астам абонент әлі де жарықсыз отыр, – деді СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бөлімінің бастығы Сәкен Ағзамов.

Боран салдарынан жолдардың кейбір учаскесі жабылған. Аймақта бір күнде бір айлық жауын-шашынның нормасы жауды.

– Кейбір ауданда қар деңгейі шамамен 50-70 см-ге жетті. Демалыс күндері жолды тазалауға 70-ке жуық техника мен 100-ге жуық жеке құрам жұмылдырылды. Қызылжар, Мамлют, Аққайың, Тайынша, Ғабит Мүсірепов, Айыртау, Ақжар, Уәлиханов аудандарында жол жабылды, – деді «ҚазАвтоЖол» СҚО бойынша филиалы пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Айдар Сәдуақасов.

Қазір барлық қызмет күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Барлық бағыттағы жолдар ашық. Алайда аймақ трассаларындағы жағдай әлі де тұрақсыз.

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Қарағандыда төтенше жағдай жарияланды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир