ТЖМ Юрий Ильин республика бойынша 255 елдімекенде қауіпті аймақ екенін атап өткен еді
Еріген қар еліміздің бірнеше аймағын әуреге салып, бірқатар өңірде дауылды ескерту жарияланды. Ал БҚО-да төтенше жағдай режимі енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еріген қардан келген қауіп елдің әр өңіріндегі жұртты сарсаңға салды. Мәселен Ақтөбе жұрты 3 күннен бері су басқан көшелерде батпақ кешуге мәжбүр.
«Су тасқыны наурыз айының соңында басталатын еді. Биыл көктем қалаға ерте келді. «Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, дайын болдық. Қар тез еріп, машиналар үлгермей жатыр», – деді Ақтөбе қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетов.
Ал БҚО-дағы Бөрлі ауданының әкімі елдімекендерді су басу қаупіне байланысты жергілікті аймақта төтенше жағдай жариялады. Сондай ақ табиғи апаттан Орал тұрғындары да зардап шегіп отыр. Ондағы 8 үйді су басып қалған.
«Су тасқыны жағдайды қиындатып жіберді. Күн жылынып, қардың ергеннен соңғы күндері қалада, Ақжайық, Бөрлі, Тасқала, Теректі, Сырым ауданында және Бәйтерек ауданында күрделі жағдай болып отыр», – деді БҚО ТЖД бастығы Ернұр Өтегенов.
Еріген қар суы Алматының кейбір аймағына да жайылған. Мамандардың пікірінше, Алатау және Жетісу ауданында су жиналатын көшелер әлі де бар екен. Ал кей ауданда арық әлі жүргізілмеген. Салдарынан жүріп-тұру қиындапты.
«Көктемде, күзде бір тазалап қойса болады ғой. Кеше жаңбыр жауды. Таңғы сағат 5:00- ден бастап әрекет қылып жатырмыз», – деді Алатау ауданының тұрғыны Тұрлыбай Мырқиев.
Тұрғындардың айтуынша, жаңбыр жауса, көлшікке айналатын кей көшелер көлік қозғалысын тежейді.
Еріген қар Алматы обылысының да халқын да әуреге салған. Ұзынағаш ауылындағы жүзге тарта үйдің ауласын су басып, кей баспананың қабырғасы сөгіліп кеткен.
«Қабырғадан дала көрініп тұр. Су басып қалып, қабырға да сөгіле бастады», – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Әділет Әубікіров.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» елдің 10 өңірін су басуы мүмкін екенін болжаса, ТЖМ Юрий Ильин республика бойынша 255 елдімекенде қауіпті аймақ екенін атап өткен еді. Қазір аталған аймақтарда тиісті іс-шаралар қабылданып, жағдай бақылауға алынған.
Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы