Көктайғақ салдарынан 4 травматологиялық пункт пен 20 арнайы кабинетке 60-тан астам адам түскен
Демалыс күндері түскен ақұлпа әлі күнге дейін жолдар мен көшелерде үйіліп қалған. Салдарынан қозғалыс қиындап, көше көктайғаққа айналды. Травматологиялық пунктерге әртүрлі жарақат алғандар да әдеттегіден көп келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қылышын сүйретіп қыс келмей жатып түскен қалың қарды елорданың жауапты қызметі бірнеше күннен бері әлі тазалап жатыр. Олардың сөзінше, бұл жұмысқа 930-дан астам техника және 1700 адам жұмылдырылған. Коммуналдық мекеме басшылығы жағдайды ушықтырғаны - бір тәуліктің ішінде Нұр-Сұлтан қаласына мөлшерден көп қардың түсуі деп ақталуда.
«Негізінен біз орталық көшелерді, әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарды, аялдамалардың маңын аршимыз. Көктайғақпен де қолымыздан келгенше күресіп жатырмыз. Құм сеуіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етудеміз», - деді «Астана тазалық» ЖШС бас директорының орынбасары Марсель ҰЗАҚОВ.
Жауапты мекеме қаланы қардан аршып үлгермей жатқанда елорда іргесіндегі елдімекен тұрғындары Нұр-Сұлтанға жете алмай қиналды. Себебі, көктайғақ пен бұрқасын салдарынан автобустардың жолға шығуына шектеу қойылды.
«Төтенше жағдайлар қызметі бізге жолдар жабық болады деген хабарлама жіберді. Сондықтан қалааралық бағыттар тоқтатылды. Одан кейін жол ашылған соң үшке дейін барлық автобустарымыз жолаушыларды тасымалдауға толық шықты. Мұның барлығы жолаушылар қауіпсіздігі үшін жасалды», - деді «АСТАНА LRT» ЖШС қоғаммен байланыс бойынша қызметтің бас менеджері Әлия ЖАРҚЫМБАЕВА.
Соңғы екі күн ішінде қаладағы 4 травматологиялық пункт пен 20 арнайы кабинетке 60-тан астам адам келіп түскен. Көктайғақ салдарынан жарақат алғандардың ішінде 29-ы балалар. Тұрғындар әлі де қала ішінде кептелістер сейілмегенін, автобустардың дұрыс қатынамай жатқанын, кейбір жолдардың тазаланбағанын айтады.
Айта кетейік, елордада соңғы екі күн ішінде 150 жол көлік оқиғасы тіркелген. Қазір астананың коммуналдық мекемелері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіп күні-түні жұмыс істеуде. Қар тазалаушылар тек Есілдің сол жағалауын емес, шеткі көшелерді де ақ ұлпадан тез арада аршуға тырысамыз деп уәде етіп отыр.