Жамбыл облысында қар жауды
Жамбыл облысында қар жауды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Табиғаттың таңғажайып құбылысы кеше түнде Меркі ауданында болған. Жаз ортасында жауған қар шопандарды біраз тығырыққа тіреген көрінеді. Себебі желіде тараған бейнеде қойлардың мұндай суыққа дайын болмағанын айтуда.
Оқиға орнынан:
– Қой негізі біздің қырқылмаған. Арасында аз-аз қырқылған қойды қарағайдың түбіне апардым үсіп жатыр. Осындай жағдай болып жатыр.
Қалың қар ел арасында Әулиекөл деп аталып кеткен таулы аймақтағы жерге жауған. Ондағы шопандар мен жұртты таңдандырып жатса, әкімдік бұл жағдайға қалыпты деген баға беріп отыр. Мамандардың сөзінше, бұл жылда қайталанады. Тіпті шілденің күнінде тауға қар мен бұршақ бораған күн болғанын айтады. Айта кетерлігі, аталған табиғи құбылыстан егіс алқаптары аман.
«Бұл суық атмосфералық ағынға байланысты таулы аймақтарда қар түсу жылда қайталанады. Төменгі жақта жауын болып түссе, таулы аймақтарда қар болып түсуі ықтимал. Меркі таулы аймағында егістік жерлер орналаспағандықтан, ауыл шаруашылығы егістігіне зиян келген жоқ», – деді Т. Рысқұлов ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Достай Сәрсембиев.