Коммуналдық қызметтер бірнеше ауысымда жұмыс істеп жатыр
Алматыда кеше түнімен жауған қардың қалыңдығы қалада 20 см болса, таулы аймақтарда 35 сантиметрге дейін жеткен. Қыстың аяғында жауған ақұлпаны аршуға шаһардың коммуналдық қызметі таң атпай кірісіп кетті. Қанша жұмысшы шықты? Неше текше метр қар шығарылды? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтсын.
Биылдыққа шаxарда мұндай қалың қар жауған жоқ. Коммуналдық қызметтер бірнеше ауысымда жұмыс істеп жатыр. Қарқынды жұмыс әлі де жалғасуда.
Қар тазалау жұмыстары түнгі сағат 03.00-те басталған. Көлік жолдары мен жүргіншілер жолына, аулаларға көктайғаққа қарсы материалдар себілген.
«Жалпы, қаланың бүкіл коммуналдық қызметтері бүгін жолда. Ол 700-ден астам техника, 2000-нан тастам жұмысшылар жұмыс істеп жатыр. Қаламызда сегіз аудан болса, 16 қар жинайтын жер бар. Сол жерге жинаймыз», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов.
Бүгін қаланың қай аумағында болмасын қызу жұмыс істеп жатқан жұмысшы топты байқауға болады. Көшелер, аялдамалар мен аулалар – барлығы да қамтылған. Ал мердігер ұйым өкілдері өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтынын айтты.
«Біз осы таңертең жетіден бастап, кешкі беске дейін осы қар тазалаймыз, техникамен адамдармен. Қар қалың жауды, сондықтан бәріміз бар күшімізді салып осы жерде жұмыс істеп жатырмыз», – деді мердігер ұйым бригадирі Бейбіт Құраманов.
Қар тазалау жұмыстары қала әкімінің жеке бақылауында. Сәйкесінше, әр аудан басшылығы мердігер ұйымдардың жұмысын жіті қадағалайды, тәулік бойы кезекшілік те ұйымдастырылған. Наурызбай ауданының өзінде 3 мердігер ұйым қызмет көрсетеді. Барлық көшелер кезек-кезегімен тазаланып отырды.
«Әр мекеменің өзінің техникалық сипаттамаларға сай көшелері бар. Бірінші магистарлдық көшелерді тазалау, аудандық және жергілікті мәні бар көшелерді тазалау жұмыстары. Қадағалау жұмыстары аудан әкімі аппаратының көріктендіру бөлімі мамандарының қатаң бақылауында. Мердігер жұмыстарының атқарып жатқан жұмыстарын бақылап отырамыз», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Асылхан Орынбеков.
Айта кетейік, бүгін көктайғаққа қарсы 3 540 тонна материал пайдаланылды. Ал жұмысшы топ екі ауысымда жұмыс істейді.
Жанар Ғаниқызы, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» арнасы