Алматылықтарды ақпан айында қандай ауа райы күтіп тұр – «Қазгидромет»

02.02.2019 03:02

Келер аптада Алматыда аяз түседі. Синоптиктер ақпан айына қандай болжам жасап отыр? Ал алдағы демалыс күндері мегаполис тұрғындары мен қонақтарын қандай күн райы күтіп тұр? Бұл жөнінде «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалының инженер-синоптигі Дәулет КИСЕБАЕВ айтып бермек.


– Дәулет мырза, осы аптада қаламызда жаңбыр жауды. Жалпы, қыстыгүні күн райының бұлай құбылуы қалыпты жағдай ма?

– Бейсенбі күні Алматыда жауған жаңбыр жалпы, қаламыз үшін қалыпты жағдай. Осы жылы қаңтар айында бұл үшінші рет жауған жаңбыр.

– Ал ақпан айына қандай болжам жасап отырсыздар? Былтырғыдай аязды күндер бола ма?  

– Ақпан айында қазіргі кезге қарағанда ауа температурасы біршама төмендейді. Күн суық болады. Орташа есеппен ауа температурасы түнде 15-19 градус аяз, күндіз 5-10 градус суық болады. Ал айдың соңында ауа температурасы біраз көтеріліп, күн жылынады.

– Алдағы демалыс күндері және келер аптада алматылықтарды қандай күн райы күтіп тұр? Соған тоқталып өтсеңіз.  

– Осы демалыс күндері Алматы қаласында ауа райы жақсы болады. Жауын-шашынсыз. Ауа температурасы түнде 5-10 градус аяз, күндіз 3-5 градус суық болады. Таулы аймақтарда да дәл солай. Жауын-шашынсыз. Ауа температурасы қалаға қарағанда 5-10 градусқа төмен болады. Таулы аймақтарда кей жерлерде тұман, көктайғақ болуы ықтимал.

Келесі аптада көбінесе жауын-шашынсыз, бірақ 5-6 ақпан күндері Алматы қаласында жауын-шашын түсіп, тұман, көктайғақ болуы ықтимал. Ауа температурасы түнде 5-10 градустан 15-20 градусқа дейін төмендейді. Ал күндіз 3-8 градус аяз болады.  

– Жауабыңызға рақмет!  

Тоғжан Жалғасбекқызы, «Алматы» телеарнасы