Алматыда қардан тазарту жұмыстары қалай жүріп жатыр

20.01.2022 03:21

Аудан әкімдіктері мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарының өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды

19 қаңтар күні сағат 16.15-тен бастап Алматы қаласында қар жауа бастады. Сағат 21.00-де қаланың жоғарғы бөлігінде 6-8 см қар жауды,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қалада көктайғақтың алдын алу мақсатында қар жауа салысымен жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіледі. Қазіргі таңда барлығы 1100 тонна көктайғаққа қарсы материал пайдаланылды.

«Таулы және тау бөктеріндегі жерлерде, сондай-ақ негізгі магистралды көшелерде қар күреу жүргізіледі. Тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, көпшілік пайдаланатын орындарды тазалау бойынша жұмыстар ұйымдастырылды», – делінген Алматы қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Түнгі уақытта 535 бірлік техника шықты, оның ішінде 208 құмшашқыш бар және 338 жұмысшы жұмылдырылды.

Аудан әкімдіктері мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарының өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Қазгидрометтің болжамы бойынша аралас жауын-шашын 20 қаңтарда түске таман аяқталады деп күтілуде. Ауа температурасы бүгін түнде 0, -2 градус, күндіз 20 қаңтар +1, +3.