Ауа райының тосынсыйы: синоптиктер маусым айына болжам жасады

03.06.2026 09:43

Кей күндері қатты ыстық +46°С-қа дейін көтерілуі мүмкін

фото Victor Glutsenko

Консультативтік болжамға сәйкес, 2026 жылғы маусым айында айлық орташа ауа температурасы еліміздің басым бөлігінде климаттық нормадан 1-2°С жоғары, ал республиканың батыс өңірлерінде норма шамасында болады деп болжанып отыр. Сонымен қатар жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында болжанады, ал елдің батыс пен солтүстік-батыстың жекелеген аудандарында көпжылдық орташа көрсеткіштерден көп болуы ықтимал, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

"Казгидромет" РМК хабарлауынша, маусымның бірінші онкүндігінде Қазақстанның басым бөлігінде циклондар мен олармен байланысты атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты ауа райы тұрақсыз болады деп күтіледі. Республика бойынша өткінші жаңбырлар, найзағай, бұршақ және екпінді жел, ал елдің солтүстік-батыс жартысында кей уақытта қатты жаңбыр болжанады.

Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-батысында жекелеген күндері шаңды дауылдар болжанады.

Ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды:

  • елдің батысы мен оңтүстік-батысында, Актөбе облысында түнде +6+12°С-тан +13+22°С-қа дейін, күндіз +15+25°С-тан +27+32°С-қа дейін, ал республиканың оңтүстік-батысында +35°С-қа дейін жоғарылайды.

Ауа температурасы:

  • елдің солтүстігінде, Қостанай облысында түнде +11+16°С-тан +15+20°С-қа дейін, күндіз +21+26°С-тан +28+33°С-қа дейін;
  • елдің оңтүстігінде түнде +17+25°С-тан +13+18°С-қа дейін, күндіз +33+40°С қатты ыстықтан +23+31°С-қа дейін, ал елдің оңтүстік-шығысында қатты ыстықтың біртіндеп бәсеңдеуі +33+38°С-тан +20+27°С-қа дейін ауытқиды.

Онкүндіктің басында республиканың шығысы мен орталығында күндіз ауа температурасы +33+39°С қатты ыстыққа дейін жоғарылайды. Алайда онкүндіктің қалған кезеңінде ауа температурасының негізгі фоны түнде +13+20°С, күндіз +25+33°С шамасында болады деп болжанады.

Маусымның екінші және үшінші онкүндіктерінде ыстық ауа райы кезең-кезеңімен найзағай соғып, жел күшеюі байқалатын салқын әрі жаңбырлы күндерге алмасып отырады, ал жекелеген аудандарда бұршақ пен шаңды дауылдардың болуы ықтимал.

Температуралық фон да тұрақсыз болады:

  • елдің батысында, солтүстігінде, орталығында және шығысында түнде +8+18°С-тан +15+25°С-қа дейін, күндіз +28+33°С-тан +35+39°С қатты ыстыққа дейін, ал орталығында өте қатты ыстық +42°С-қа дейін жетеді;
  • елдің оңтүстік жартысында түнде +14+23°С-тан +20+28°С-қа дейін, күндіз +28+33°С-тан +34+40°С қатты ыстыққа дейін, жекелеген күндері өте қатты ыстық +40+46°С-қа дейін ауытқуы болжанады.

Оқи отырыңыз: Алматыда құрылыс нормаларын бұзған мердігерлер лицензиясынан айырылып жатыр