Ел аумағында ауа райы күрт өзгеріп, тұрақсыз сипат алады

28.07.2025 14:56

Синоптиктер еліміздің 17 облысында ескерту жариялады

Шілденің соңғы күндері ел аумағында ауа райы күрт өзгеріп, тұрақсыз сипат алады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Синоптиктердің болжауынша, Қазақстанның бірқатар өңірінде жауын-шашын, найзағай, бұршақ және қатты жел байқалады. Орталық, солтүстік және солтүстік-батыс аймақтарда нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде желдің екпіні күшейіп, бұршақ жаууы мүмкін. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста аптап ыстық сақталып, кей аймақтарда шаңды дауыл тұруы ықтимал. Ауа райының бұлайша құбылуына кең ауқымды циклон мен атмосфералық фронттар себеп болып отыр. Әзірге синоптиктер еліміздің 17 облысында ескерту жариялады. Тұрғындарға алдағы күндері сақ болып, ауа райы болжамын жіті қадағалау ұсынылады.

«Қазақстан Республикасының аумағындағы ауа райы жағдайына кең ауқымды циклон және онымен байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді. Ауа райы тұрақсыз болады: жаңбыр жауады, кей жерлерде найзағай мен бұршақ күтіледі. Солтүстік, солтүстік-батыс және орталық өңірлерде, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында қатты жаңбыр жауып, екпінді жел соғауы мүмкін. Солтүстік өңірлерде ауа температурасы +18…+23 °C дейін төмендейді. Қалған аумақта ауа температурасы айтарлықтай өзгермейді», – деді  «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.

Оқи отырыңыз: Алматыда 28 шілде мен 3 тамыз аралығында ауа райы қандай болады