Дегенмен кей өңірде бұршақ жаууы мүмкін
Синоптиктер 4 мамырда арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстанның басым бөлігінде солтүстік-батыс циклонының әсерінен ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады, найзағай ойнап, жаңбыр жауады, солтүстігінде, солтүстік-батысында, республиканың орталығында бұршақ жауады. Тек ҚР шығысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында антициклон сілемінің әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы болады», - делінген хабарламада.
Республика бойынша жел күшейіп, оңтүстігінде шаңды дауыл соғып, батысында, солтүстік-батысында, солтүстігінде түнгі және таңертеңгі сағаттарда тұман түседі.
Абай облысының батысында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында 2-3 градус үсік күтіледі. Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде топырақ бетінде 1 градус үсік жүреді.
Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарында, Алматы облысының солтүстігінде, орталығында, Атыраудың оңтүстігінде, батысында, Қарағанды облысының оңтүстігінде, шығысында, Ұлытау облысының орталығында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, Маңғыстау облысының солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде, орталығында, Жетісу облысының батысында, солтүстігінде, оңтүстік-шығысында Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында, оңтүстігінде, Абай облысының солтүстік-батысында, оңтүстігінде, орталығында, Павлодар облысының оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі болады.
Түркістан облысының батысында, облысының шөлді аудандарында, Қызылорда облысының шығысында төтенше өрт қаупі болады.
Астанада – құбылмалы бұлтты, күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстік-шығыстан 9-14, екпіні 15-20 м/с жел соғады. Ауа температурасы түнде 10-12, күндіз 20-22 градус жылы болады.
Алматыда – құбылмалы бұлтты, жауын-шашынсыз. Солтүстік-шығыстан 2-7 м/с жел соғады. Ауа температурасы түнде 10-12, күндіз 26-28 градус жылы.
Шымкентте – құбылмалы бұлтты, жауын-шашынсыз. Солтүстіктен жел 8-13 м/с соғады. Ауа температурасы түнде 15-17, күндіз 30-32 градус жылы.
Оқи отырыңыз: Алматыда 5-11 мамыр аралығында ауа райы қандай болады