Қазақстанның үш ірі қаласында ауа-райы нашарлайды

19.05.2026 11:40
Depositphotos

Бүгін, 2026 жылдың 19 мамырында еліміздің үш бірдей қаласында — Астана, Алматы және Көкшетауда ауаның сапасы күрт төмендеуі мүмкін. «Қазгидромет» РМК бұл шаһарларда қолайсыз метеорологиялық жағдайлардың (ҚМЖ) қалыптасатынын хабарлап, шұғыл ескерту жариялады,, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеожағдай дегеніміз — қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (желсіздік, әлсіз жел, тұман, инверсия) бір уақытта сәйкес келуі. Ауа райының мұндай құбылыстары автокөлік түтіндері мен өндірістік қалдықтардың ауаға тарап, жоғарыға ұшып кетпеуіне кедергі жасайды. Нәтижесінде улы заттар жер бетінде жиналып, қала тұрғындары демалатын деңгейде шоғырланады.

Ауаның ластану қаупі жоғары болғандықтан, дәрігерлер мен экологтар қала тұрғындарына келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:

  • Далада серуендеуді азайту: ашық ауада, әсіресе автожолдардың немесе өзге де ластану көздерінің жанында болу уақытын барынша қысқарту қажет. Балалар мен жүкті әйелдерге бұл күндері ұзақ уақыт сыртта жүруден бас тартқан жөн.

  • Спорттық жүктемені шектеу: ашық ауада физикалық белсенділікті (жүгіру, жаттығу жасау) шектеу қажет. Дене шынықтыру және спортпен шұғылдану шараларын тек жабық спорт кешендерінде өткізу ұсынылады.

  • Дәрі-дәрмекті бірге алып жүру: өкпенің созылмалы ауруларымен, жүрек-қантамыр және аллергиялық дерттермен ауыратын адамдар көшеге шыққанда өздеріне қажетті барлық дәрілік препараттарды қасынан тастамауы тиіс.

Синоптиктер мен жауапты органдар ауаның сапасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отыр. Тұрғындарға ауа райы болжамындағы өзгерістерді бақылап отыру кеңес беріледі.

Оқи отырыңыз: Алматыда 18-24 мамыр аралығында ауа райы қандай болады