Жауын суы аулаларға ғана емес, үйлердің ішіне де кірген
Түркістан облысында толассыз жауған нөсер тасқынға ұласып, бірнеше ауылды су басты. Ағын судан төрт түлік те қырылып қалды. Жан сауғалаған тұрғындар көліктердің үстіне шығуға мәжбүр болған. Бір сәтте баспанасын су шайып кеткенін көрген жұрт әлі де үрейден арыла алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Түскі сағат үш жарымда басталған нөсер кешке дейін толастамаған. Бір сәтте сел жүріп, Шарбұлақ, Ақбастау, Тұрбат және Қосағаш ауылдарын су басты. Жауын суы аулаларға ғана емес, үйлердің ішіне де кірген. Дүние-мүлкінен айырылған тұрғындар малын да құтқарып үлгермеген. Олар тасқын тағы қайталана ма деп алаңдап отыр.
– Көліктер жүре алмай, адамдар да көліктен түсе алмай қалды. Сағат алты жарым-жетіге дейін көліктің үстінде тұрып, ешқайда қозғала алмадық. Малдың бәрі қырылып, көз алдымызда ағып жатты. Қоршау, қора, уақытша баспана, дүкен, наубайхана – бәрін су шайып кетті, – деді Қосағаш ауылының тұрғыны Айгүл Жұманова.
Селдің екпіні соншалық, Қосағаш ауылындағы мектепке апаратын көпірді де шайып кеткен. Салдарынан 52 үйдің тұрғыны ауылдың арғы бетіне өте алмай отыр. Ал баспаналары бүлінген тұрғындар үйлерін өз күшімен жөндеп әлек.
– Түнде үйдің бір бөлігі отырып, қабырғасы жарылып кетті. Төбесі де ажырай бастады. Содан еденді алып тастадық. Үйдің іші кебе берсін деп отырмыз, – деді Қосағаш ауылының тұрғыны Анарбек Елемесов.
Жауаптылардың айтуынша, топырақтың қатты болуынан жауын суы жерге сіңбей, жағдайды ушықтырған. Қазір селдің салдарын жоюға арнайы техника мен мамандар жұмылдырылып, көшелер лай мен судан тазартылып жатыр. Әкімдік зардап шеккен елді мекендердегі жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
– Жер қатты болғандықтан, жауын суы топыраққа сіңбеді. Нөсер бірден қатты жауып, жауын-шашын мөлшері шамадан тыс көп түсті. Соның салдарынан су қыр-сайларға жиналып, елді мекендерге қарай аққан, – деді Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов.
Ал тасқыннан зәресі ұшқан тұрғындар мұндай жағдайдың жыл сайын қайталанатынын айтады. Олар бүлінген үй-жайларды қалпына келтіруге көмек көрсетілсе дейді.
Лаура Бабас, Almaty TV, Түркістан облысынан.