Мемлекет басшысы Иран президенті Ибрахим Раисимен кездесті

19.09.2023 07:30

Келіссөз барысында екі ел басшылары қазақ-иран ынтымақтастығының қазіргі жай-күйін және өзара қатынастарды одан әрі дамыту перспективасын талқылады

Фото: Ақорда / пресс-служба Акорды

Президент Қазақстанның Каспий теңізі аймағындағы стратегиялық серіктесі ретінде Иранмен екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға баса мән беретінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Келіссөз барысында екі ел басшылары қазақ-иран ынтымақтастығының қазіргі жай-күйін және өзара қатынастарды одан әрі дамыту перспективасын талқылады. Тараптар көлік, логистика және сауда-саттық салаларындағы ықпалдастықты арттыру үшін кешенді шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтті.

– Біз виза рәсіміне, сондай-ақ адамдар мен бизнестің өзара қарым-қатынасына қатысты өте пайдалы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Қазақстан тарапы Иранмен арадағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін атап өткім келеді. Екі ел үкіметтері бұған дейін Тегеранда қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет. Мен Қазақстанда Сізбен тағы да кездесуді асыға күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екі елдің Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастығын оң бағалады.