Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының бұрынғы төрағасы Цзян Цзэминь мырзаның өмірден озғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Цзянь Цзэминьді Қытайдың дамуы мен халықаралық қауымдастықтағы мерейін арттыру жолында риясыз қызмет еткен еліңіздің көрнекті перзенті ретінде жақсы білеміз. Екі ел арасындағы берік достықты нығайтуға сүбелі үлес қосқан тұлға ретінде оның жарқын бейнесін халықтарымыз жадында мəңгі сақтайды", делінген жеделхатта.
Президент жеделхатта Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан оның отбасы мен туған-туыстарына, сондай-ақ барша Қытай халқына көңіл айтты.
Алдында Қытайдың бұрынғы басшысы Цзян Цзэминь 96 жасында өмірден өткені хабарланған болатын. Кейбір деректерге сәйкес, ол 2019 жылдан бері көпшіліктің алдына шықпаған. Саясаткердің денсаулығының нашарлауы туралы сыбыс Қытай компартиясының 2021 жылғы отырысына оның қатыспауынан кейін күшейген. Қытайдың Орталық телевидениесі Цзян Цзэминнің лейкемия және бүйрек жеткіліксіздігінен емделіп жатқанын хабарлаған.