Қазақстан президенті шейх Заид мешітінің архитектуралық ерекшелігімен танысты
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды.
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары аясында Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев өткен жыл екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін жемісті болғанын атап өтті.
«Біздің жиі кездесулеріміз бен бауырластыққа және сенімге негізделген тығыз қарым-қатынастарымыз барлық салаларды жан-жақты дамытуға тың серпін беруде. Былтыр біз өзара сапар жасап, маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Солардың іске асырылу барысы толық көңілден шығады», – деді Қазақстан Президенті.
Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Біріккен Араб Әмірліктеріне шақыруын қабыл алғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, конфессияаралық келісім мен әлемде диалог орнату ісіндегі Қазақстанның рөлін ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Абу-Даби қаласының көрікті жерлерінің бірі – шейх Заид мешітін аралап көріп, осы елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянның рухына тағзым етті.
Нұрсұлтан Назарбаев мешіт ғимаратының архитектуралық ерекшелігімен танысып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Айта кетейік, мешітке бір уақытта 50 мың адам сыяды. Ғибадат орнының бұрыштарына биіктігі 107 метр болатын төрт мұнара орнатылған. Бас ғимараттың сыртқы қабатын ақ мәрмәрмен көмкерілген 82 күмбез жауып тұр. Мешіттің ішкі аумағы 17 400 шаршы метр.