Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «Комсомольская правда» басылымына берген сұхбатында Ресеймен және Беларусьпен арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы көзқарасы мен бірлескен жобалары жайында әңгімеледі, деп хабарлайды Еgemen.kz.
«Біздің еліміздің азаматтары үшін Ресей ең жақын мемлекет болды және солай болып қала береді. Екі ел арасындағы сенім мен өзара түсіністік ғасырлар бойы қалыптасқан, ауыр сынақтар кезінде біз әрқашан бірге болдық. Көптеген ресейліктер мен қазақстандықтарды туыстық, достық, кәсіби байланыстар біріктіреді. Ресейге деген жылы қарым-қатынасты әлеуметтік сауалнамалар да куәландырады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында.
Мемлекет басшысы сондай-ақ, латын қарпіне біртіндеп көшу мәселесіне тоқталды.
«Бұл үдерісті біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» тұжырымдамасы аясында көтерді. Ол латын қарпіне көшудің тек қазақ тіліне қатысты екенін, орыс тілінің жағдайына әсер етпейтінін бірнеше рет мәлімдеді. Жаңа технологиялардың жедел енгізілуіне байланысты жаһандық ақпараттық кеңістік те қарқынды түрде өзгеріп келеді. Негізгі ақпараттар латын графикасына негізделгендіктен, біздің балаларымыз жаңа жағдайға бейімделуі керек. Қазақ әліпбиін жаңғырту қазақ тілінің коммуникациялық мүмкіндіктерін арттыру ниетінен туындаған. Сонымен қатар біз Орталық Азия мемлекеттерінің тәжірибесін ескере отырып, латын қарпіне біртіндеп көшеміз. Қолдан жеделдетуге жол берілмейді. Себебі, мұнда кириллицадан латынға жай ғана көшу емес, қазақ тілінің орфографиясын қайта құру жөнінде айтылып отыр. Одан бөлек, қазақ әдебиетінің классиктерінің барлық маңызды еңбектері кириллицада жазылғанын, көптеген қазақ ұрпақтарының кирилл әліпбиінде білім алғанын және қазір де оқып жатқанын естен шығаруға болмайды. Асығыс қадам жасау мұндай үлкен іске зиянын тигізіп, шалыс бастыруы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені ақылға салып, парасаттылықпен шешу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.