ҚР Премьер-министрінің міндетін уақытша Асқар Мамин атқарып отыр
Күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, министрлер кабинетінің отставкаға кетуін талап еткен болатын. Араға бірнеше минут салып премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың отставкасын қабылдады.
Қызметінен «қуылған» экс-премьер артынша шұғыл видеомәлімдеме жасап, халыққа емес, Назарбаевқа алғысын айтты. Мәлімдеменің мәтінін primeminister.kz порталы жариялады.
«Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалап, бүгінгі биіктерге жеткізген Елбасы халқының өсіп-өркендеуін әрқашан ең басты қағида ретінде ұстанып, әрбір шешімін мемлекет пен халықтың мүддесі тұрғысынан қабылдап келеді. Мемлекет құру оңай жұмыс емес. Жас мемлекетті түрлі қайшылықтар мен қақтығыстардан аман алып өтіп, тарихи өлшеммен алғанда тым қысқа мерзімде осындай абыройлы Ел ету шын мәнінде шексіз құрметке лайық. Елбасы — еліміздің сан мың жылдық тарихындағы ең жауапты кезеңде халқымыздың бағына берген ұлы да жасампаз тұлғасы. Сол себепті, халқымыз баянды бүгіні мен жарқын болашағын тек қана Елбасының есімімен байланыстырады. Өткен екі жарым жыл бойы Үкімет тізгінін тапсырып, жоғары сенім білдіргені үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шынайы алғысымды білдіремін»,- деді Бақытжан Сағынтаев.
Айта кетейік, кешеден бастап ҚР Премьер-министрінің міндетін уақытша Асқар Мамин атқарып отыр.