Заң жобасында Қазақстан азаматтығы тоқтатылған және шетелдік азаматтар мен заңды тұлғалар Қазақстанның заңды тұлғасының қатысушылары құрамына кірген жағдайларда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді иеліктен шығару мәселелері реттелді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге жерді шетел азаматтарына сатуға тыйым салатын заңға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Бұған дейін Парламент шетелдіктерге, қандастарға және шетелдік заңды тұлғаларға ауылшаруашылық жерлерін иемденуіне тыйым салатын заң қабылдаған. Сенат Жер кодексінің 48-бабының 2-тармағына өзгеріс және 128-бабы 4-тармағының бірінші тармағына толықтыру енгізді.
Заң жобасының мақсаты – шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысуы бар Қазақстанның заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдардың, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтардың, сондай-ақ қандастардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен иеленуіне тыйым салуды енгізу.
Сондай-ақ, заң жобасында Қазақстан азаматтығы тоқтатылған және шетелдік азаматтар мен заңды тұлғалар Қазақстанның заңды тұлғасының қатысушылары құрамына кірген жағдайларда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді иеліктен шығару мәселелері реттелді.