Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласына барды

123ru.net
123ru.net
Жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстан Президентімен кездесу өткізеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласына келді. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. Жұмыс сапары барысында Президент Қазан Кремлінің көрікті жерлерін аралап көрді және Татарстан Президентімен кездесу өткізді. Сонымен қатар республиканың өзге қалаларында орналасқан «КАМаз» және «Танеко» сияқты ірі кәсіпорындарының жұмысымен танысады. Айта кетейік, мемлекет басшысы Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


 Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинмен келіссөз жүргізді. Олар екіжақты қатынастардың перспективаларын және аймақтық деңгейдегі ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы өз сөзінде қаңтардағы оқиғалардың еліміздің конституциялық құрылысына нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатымен шабуыл жасаған халықаралық лаңкестер мен бұзақылардың мұқият дайындаған операциясы болды деп атап өтті.


«Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы нәтижелері де бар. Өкінішке қарай, құрбан болғандардың саны өте көп. Бұл менің де жаныма батады. Қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айттым. Әрбір жағдай жіті тексеріледі. Кінәлілер анықталып, жауапқа тартылады. Елімізге бітімгерлік күштерін жіберу жөніндегі Қазақстанның үндеуіне жылы әрі іскерлікпен қарағаныңыз үшін Сізге тағы да ризашылығымды білдіремін. Бітімгерлік контингент стратегиялық нысандарды күзету тұрғысынан өте маңызды рөл атқарды», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл оқиғаға қатысты Владимир Путин өзінің пікірін білдірді. Ол Қазақстан ел ішіндегі күрделі жағдайды пайдаланған қандай да бір халықаралық бүлікшілердің құрбаны болды деген ойын жеткізді.

«Ресей Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттің бірі ретінде Шарттың 4-бабына сәйкес Қазақстанға көмек қолын созды. Дегенмен, Қазақстан басшылығы негізгі рөл атқарды, сондай-ақ өздерінің ісіне, антына және халқына адал құқық қорғау органдары мен қарулы күштер өздеріне жүктелген міндетті орындады. Осы оқиғалар кезінде қираған нысандарды қалпына келтіру үшін көп күш жұмсау қажет екенін де білемін. Бірақ Қазақстан Сіздің табандылығыңыздың арқасында нық тұр және Сіздің басшылығыңызбен белсенді дамуда», - деді Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин.

Президенттер екі ел арасындағы жан-жақты байланыстардың табысты дамуын жоғары бағалап, саяси, экономикалық, сауда, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды тереңдетуге қос тараптың да мүдделі екенін айтты. Келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ресей компаниялары Қазақстан экономикасындағы жетекші инвесторлардың бестігіне кіреді және олардың салған қаржыларының жалпы көлемі 17 миллиард доллардан асады. Елімізде шетелдік капиталдың үлесі бар әрбір үшінші кәсіпорын Ресей компанияларының қатысуымен құрылған. Олардың ортақ инвестициялық портфелі барлық саланы қамтыды.


Новости партнеров