Тоқаев CNPC басшысына: Қазақстандық жұмысшылардың жалақысын көтеріңіз!

14.11.2019 15:10

Президент Ақордада Қытайдың ірі корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасын қабылады

Мемлекет басшысы «CNPC» корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илиньді қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан Президенті қазақ-қытай арасындағы тату көршілік қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне "CNPC" компаниясының қосқан үлесін жоғары бағалады.

«CNPC» компаниясы мұнай өндіру, өңдеу, көмірсутегін тасымалдау салаларында еңбек етеді. Сіздің корпорация жүзеге асырып жатқан жобалар Қазақстан экономикасында аса маңызды рөл атқарады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент «CNPC» басшылығының алдына қазақстандық жұмысшылардың жалақысын көтеруге, олардың айлығын шетелдік жұмысшыларға төленетін еңбекақы деңгейімен теңестіруге, сондай-ақ, тауар сатып алу және қызмет көрсету ісінде қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға байланысты бірқатар міндет қойды.

Ван Илинь Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты компанияның алдына қойылған міндеттерге түсіністікпен қарайтынын жеткізді.

Теги: Казахстан