Қымбатшылық қалтамызды қағып бітті. Қарттарға арналған әлеуметтік дүкен керек. Ауламызда көше шамдары жетіспейді. Тәртіп сақшылары жұмыстарына салғырт қарайды. Ауданда қарттар мен балалар уақыт өткізетін орындар жетіспейді. Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесті. Қала басшысы бастарындағы мәселелерін тыңдап, барлық сауалдарға тұщымды жауап берді. Кездесу 3 сағаттан астам уақытқа созылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Кешегі өткен ұлы мерекеміздің артынан іле-шала өздеріңізбен кездесуге тағы да келіп отырмыз. Өткендегідей барша әріптестерім менің қасымда. Бүгін де сол барлық сіздердің сұрақтарыңызға, ұсыныс-пікірлеріңізге жауап беріп, пікір алмасуға біз дайынбыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Әуезов ауданы тұрғындармен кездесуді қала басшысы жаздағы жүздесуді қорытындылаудан бастады. Белгілісі, өткен жолы дүйім елден 150-ге жуық сауал түсіп, оның 60-тан астамы оң шешім тапқан. Ал 70 шақты сұраққа тиісті түсіндірме жауап беріліпті. Қазір жергілікті әкімдік 12-сін қарастыру үстінде. Халықты аса толғандырған арық жүйелерін жөндеу, жолды тақтайдай ету, көшені жарықтандыру мәселелері еді. Сондай-ақ, аулаларды көріктендіру түйткілі де күн тәртібінен түскен емес.
«Көріктендіру мәселесіне келсек, ауданда 966 аула бар. Оның 366-сы яғни 38 пайызы жөндеуден өткен. Енді 109 аула алдағы жылы жасалады деп жоспарланып отыр. Одан бөлек, 150 шақты ауланы ретке келтіру мақсатында тиісті құжат жасалынып жатыр. Осылайша 625-сі, яғни 65 пайызы көріктендіріледі», - деді Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.
Биыл Әуезов ауданында 6 шақырым суағар жөнделген. Одан бөлек, 43 километр арық жүйесінің құрылысына қажетті құжат жасалып жатыр. Жарықтандыру мәселесі бойынша да біраз сұрақ шешілген. Аудандағы 204 көшенің 193-іне көше жарығы қойылыпты. Бұл 3 ай бұрын кездесуде де көп қайталанған сұрақтардың бірі еді. Дегенмен, әлі де өзекті секілді. Себебі, осы жолы да сауалдар қайталанып жатты.
«Жарығы жоқ көшелердегі үйлерде ұрлық көп. Біздің ауданымызда адамдар шағын үйлерін жалға береді екен», - деді тұрғын.
«Жарығы жоқ көшелердің барлығы келесі жылдың соңына дейін жұмысын бітіретін болады», - деп жауап берді оған әкім.
Ауданда жеке үйлер орналасқан 29 көшеде, яғни 1400-дей үйде орталық кәріз жүйесі жоқ. Оның ішінде 12-сі бойныша құбыр жүргізуге арналған жоба жасалған. Жұмыстар келесі жылы басталады. Мәселен, «Достық» шағынауданындағы тұрғындар мәселесі бірден шешім тапты.
«Достықтың» тұрғыны боламын. Қарғалы 88, 90 үй. Дастан 57|2, Науметова 68. Осы төрт үй тұйықта тұр. Осы 4 үйге жаңа құбыр келген жоқ. «Сендер өз ақшаларыңа жерді қаздыруларың керек» деп айтты», - деді келесі бір тұрғын.
«Апай, ол жерде 2018 жылы жұмыс біткен. Сіз айтқан 4 көше ол жұмысқа кірмей қалған. Бірақ оған келесі жылы Алматы су құбыр тартып беретін боп шешілді. Сіздер ақша шығармайсыздар», - деді тиесілі орын қызметкерлері.
Қала басшысына сұрақтарын еркін қойған Әуезов ауданының тұрғындары арасында шын ризашылықтарын білдіргендер де болды. Олар қала әкімінің игі бастамаларын құпайтынын жеткізді.
Кездесуде ойын және спорт алаңдарының жетіспеушілігі, қарттарға демалатын мекеннің болмауы, кейбір мекенжайда ортақ кәріз жүйесінің жоқтығы іспеттес мәселелер айтылды. Әсіресе, сұрақ қойғандар арасында ауыр кеселге шалдыққан келіншек өмірге деген құштарлығымен көптің көңілін өзіне аударды. Ол қала әкімінен құны қымбат дәрі-дәрмекті тегін алуға көмектесуін сұрады.
«2019 жылдың сәуір айында маған Өкпе адинокарценомасы деген диагноз қойылды. Бұл - өкпе қатерлі ісігінің төртінші стадиясы. Мен емделуге Оңтүстік Кореяға бардым. Ол жерде «Аливтина кертруда» дәрілерін жазып берді. Бірақ дәрі Қазақстанда жоқ. Тіркеуден өткенімен, тегін берілетін дәрілер қатарында жоқ. Мен өз ақшама пәтерімді сатып, 6 ай дәріні алып іштім. Және өте жақсы маған көмектесті. Енді тағы ішуге қаражатым жоқ», - деді бір тұрғын.
«Бүгінде біз осы мәселе жөнінде Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдадық. Егерде олар рұқсат берсе, дәріні жергілікті бюджет есебінен сатып әпереміз. Әзірге жауап тосып отырмыз», - деді тиісті мекеме мамандары.
Алматыдағы көпсалалы колледжде өткен кездесуге 400-ден астам тұрғын қатысты. Олар түрлі саладағы сұрақтарды қойды. Алдағы күндері қала басшысы Бақытжан Сағынтаев Алмалы, Медеу және халық көп шоғырланған Бостандық ауданының тұрғындарымен жүздесетін болады.
Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы