Петропавл қаласына жаңа әкім тағайындалды

12.04.2019 15:24

Ол бұған дейін Ғабит Мүсірепов ауданының әкімі болып жұмыс істеген

Петропавловск.news

Петропавл қаласына әкім болып Болат Жұмабеков тағайындалды, деп хабарлайды СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Болат Жұмабеков Петропавл қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол бұған дейін Ғабит Мүсірепов ауданының әкімі болып жұмыс істеген»,- делінген хабарламада.

Болат Серікұлы 1972 жылғы 5 қарашада Көкшетау облысының (қазіргі Ақмола облысы) Куйбышев ауданындағы Куйбышев кентiнде туған.

Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, М. Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiн тәмамдаған. Ғалым агроном, құқықтану бакалавры мамандығы бар.

Еңбек жолын 1997 жылы Тимирязев ауданы әкiмi аппаратының маманы болып бастады.

1998-2005 жылдары жер қатынастары мәселелерi жөнiндегi жергiлiктi атқарушы органдарда жұмыс iстедi. Солтүстiк Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару жөнiндегi Тимирязев аудандық комитетiнiң төрағасы болды.

2005 жылғы ақпанда Тимирязев ауданы ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң бастығы болып тағайындалды.

2007-2009 жылдары Тимирязев ауданының әкiмi болып еңбек еттi.

2009 жылғы сәуiрден 2011 жылғы қыркүйекке дейiн Солтүстiк Қазақстан әкiмi аппаратының басшысы болып жұмыс iстедi 2011 жылғы қыркүйекте облыс әкiмiнiң өнеркәсiп, кәсiпкерлiк және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерi жөнiндегi орынбасары болып тағайындалды.

2012 жылғы ақпаннан 2013 жылғы сәуiрге дейiн - Петропавл қаласының әкiмi.

2014 жылғы ақпаннан 2014 жылғы тамызға дейiн «JELS-ASTANA» ЖШС коммерциялық директоры болып еңбек еттi.

2014 жылғы 14 тамыздан 2018 жылғы 24 қаңтарға дейiн Солтүстiк Қазақстан облысы Қызылжар ауданының әкiмi болып жұмыс iстедi.

Соңғы тағайындалуға дейін 2018 жылдың 24 қаңтарынан Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң өкiмiмен Ғабит Мүсiрепов атындағы ауданның әкiмi болып қызмет етті.

2010 жылы «Ерең еңбегi үшiн» медалi, 2016 жылы «Құрмет» орденi, 2018 жылы «Астанаға 20 жыл» мерейтой медалі мемлекеттiк наградаларымен марапатталған.