Бүгін Nur Otan партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтеді
Nur Otan партиясының алдында үлкен міндеттер тұр. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-дегі парақшасында осылай деп жазды.
«Бүгін Nur Otan партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтеді. Шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етеді. Партия алдына үлкен міндеттер қойылмақ. Бізді үлкен өзгерістер күтіп тұр», - деп жазды Айдос Үкібай.
Естеріңізге сала кетсек, 16 тамызда Nur Otan партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаев 21 тамыз күні Үкіметтің, партияның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының және өңір басшыларының қатысуымен өтетін партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын шақыру туралы қаулыға қол қойған болатын. Сол күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының Саяси кеңесі Бюросының отырысын өткізіп, партияластарының алдында қандай міндеттер тұрғанын атаған еді. Отырыс барысында партия бағдарламаларының орындалу барысы мен алдағы кезеңге арналған жұмыстың басым бағыттары қаралды.
Елбасы барлық азаматтарды мемлекеттің өткір әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу үшін партияға қосылуға шақырды. Ел аймақтарындағы азаматтардың проблемаларын шешуде Nur Otan партиясының жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Nur Otan партиясының төрағасы 0оғамның партияға сенімін арттыру мақсатында ақпараттық-идеологиялық стратегияны қабылдаудың маңыздылығына назар аударды.