Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшысымен телефон арқылы сөйлесті

25.03.2020 15:32

Си Цзиньпин Қазақстанға көмек көрсетуге дайын екенін айтты

Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесті. Қазақстан Президенті коронавирус пандемиясының таралуын ауыздықтау жөніндегі Қытай басшылығының батыл әрі жүйелі іс-қимылдарын жоғары бағалады, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың сайтына сілтеме жасай отырып.

«Бүкіл әлем Қытай медицинасының зор әлеуеті мен дәрігерлерінің жоғары кәсібилігіне тәнті болды. Жалпы, Қытай Сіздің басшылығыңызбен орталықтандырылған басқарушылық жүйенің зор әлеуетін және дағдарыс жағдайын тиімді шешуге қабілетті екенін көрсетті», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның стратегиялық серіктестік бағытын одан әрі нығайта беруге ниетті екенін жеткізді. Оның пікірінше, осы орайда былтыр қыркүйекте Бейжіңде қол қойылған Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ мерзімді және жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы декларацияның мәні зор.

«Көршілес елдерімізбен арадағы осындай ынтымақтастық Қазақстан мен Қытай халықтарының ежелгі мүдделеріне сәйкес келеді деп сенемін. Біз экономикалық және гуманитарлық салаларда өзара тиімді әрі пайдалы жобалар жасауға күш салуымыз қажет», - деп санайды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі елдің БҰҰ-дағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы, Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім шаралары жөніндегі Кеңестегі табысты ынтымақтастығын оң бағалап, сондай-ақ, «Бір белдеу - бір жол» мега жобасының аясында Ұлы Жібек жолы тұжырымдамасын одан әрі іске асыру барысындағы іс-қимылдардың маңызы зор екенін атап өтті.

Си Цзиньпин коронавирустың таралуы барлық ел үшін күтпеген сынақ болғанын айтты. Қытай пандемияға қарсы әлемдік күреске үлкен үлес қосты. Қытай басшысы бұл істе әлі толық жеңіске жеттік деп санамайды. Індеттің екінші мәрте қайталанбауы үшін қосымша шешімдер қабылдау қажет. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан мен оның басшылығына Қытайға коронавируске қарсы күресте көрсеткен нақты қолдауы үшін ризашылық білдіріп:

«Сіздер «дос қиын сәтте сыналады» деген мақалдың дұрыс екенін анық көрсеттіңіздер. Қытай өз тарапынан Қазақстанды медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіп, гуманитарлық көмек көрсетуге дайын», - деді.

Қытай мемлекетінің басшысы Қазақстан Президентінің төтенше жағдай кезіндегі көшбасшылық қасиетін жоғары бағалап, оның батыл әрі дер кезінде қабылданған шараларына тоқталды. Си Цзиньпиннің айтуынша, пандемияда мемлекеттік шекара деген болмайды, бүкіл әлемге өте жылдам қарқынмен таралуда. Сондықтан «Адамзаттың тарихи тағдыры бір» тұжырымының өзектілігі артып келеді. Аталған тұжырымға сәйкес барлық мемлекет күллі халықаралық қоғамдастықты өркендету жолында күш-жігерін біріктіруі тиіс.

«Індет келеді, кетеді. Ал достық пен ынтымақтастық - мәңгілік құндылықтар», - деді ҚХР Төрағасы.

Оның пікірінше, Қытай мен Қазақстан барлық саладардағы, әсіресе қаржы, индустриялық және цифрлық технологиялар сияқты маңызды бағыттардағы ынтымақтастықты арттыра алады.

Әңгіме соңында Си Цзиньпин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жүрек жарды сәлемін жолдады.