Сенат медиацияға қатысты заңды қабылдады

07.04.2022 15:52

Құжатқа сәйкес татуласу келісімін орындау ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады

Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Біріккен Ұлттар Ұйымының медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясын ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бүгінгі таңда медиацияға деген сұраныс неғұрлым артуда. Медиацияның көмегімен екі тараптың мүдделерін қанағаттандыра отырып, дауды шешуге болатындығы азаматтарды қызықтырады. 2019 жылғы 7 тамызда Сингапурда Қазақстан БҰҰ-ның медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясына қол қойды. Конвенцияның мақсаты – медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық келісімдерді қатысушы мемлекеттердің аумағында тану және орындау. Осы уақытқа дейін медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық келісімдерді тану және сақталуын қамтамасыз ету үшін бірыңғай тетік болған жоқ. Сәйкесінше, дау тараптары үшін татуласу келісімін басқа юрисдикцияда тану және орындау үшін сотқа жүгінуге мүмкіндік туындайды», - деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин. 

Құжатқа сәйкес татуласу келісімін орындау ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Медиация нәтижесінде қол жеткізілген келісімдерді орындау тәртібі «Медиация туралы» ҚР Заңының және ҚР Азаматтық процестік кодексінің ережелерінде көзделген. Конвенция қатысушы мемлекеттердің екі және одан да көп компаниялары арасындағы халықаралық коммерциялық дауларына ғана қолданылады. Конвенцияны ратификациялау соттан тыс медиацияны жетілдіруде оң қадам болып отыр. 

«Ол халықаралық саудаға жәрдемдесудің маңызды құралы болып саналады және коммерциялық тараптардың халықаралық келісімдерін жүзеге асыруға ықпал етеді. Қазақстанның Конвенцияның қатысушы ретіндегі мәртебесі елдің халықаралық бизнес-беделіне және инвестициялық тартымдылығына оң әсер етеді», - деді министр. 

Айта кетейік, жақында «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғали медиация кабинеттерінің тұрмыстық дау-дамайларды шешуге қандай көмек көрсеткенін айтып берген еді. Қазіргі уақытта бүкіл облыс орталықтарында 20 медиация кеңесі, бір республикалық және 19 өңірлік кабинет бар. Ассамблея тіркеуінде 2318 медиатор бар, олар 2016 жылдан бастап 134 мың өтінішті қараған, оның 51%-ы медиативтік ымыраға келу жолымен шешілді, қалған 49%-ына медиатор консультация берген.