Президент қаланың индустриялық және инфрақұрылымдық әл-ауқатына зер салып, бірқатар маңызды нысандарды аралады
25 қыркүйекте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматыға келді. Мемлекет басшысы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалымен танысып, дәрігерлермен кездесті. Заманауи медицинаның барлық талаптарына сай келетін госпиталь пациенттерді қабылдауға сақадай сай. Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында Президент қаланың индустриялық және инфрақұрылымдық әл-ауқатына зер салып, бірқатар маңызды нысандарды аралады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтып берсін.
Алматыға жұмыс сапармен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Изатима Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалымен танысты. 500 адамға арналған аурухана заманауи медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер пациенттерді қабылдап, дер кезінде нақты диагноз қоюға баса назар аударып отыр. Ол үшін бөлек кіреберіс жасалған.
Жедел жәрдеммен келіп түскен науқастар бірден мынадай арнайы палаталарға жатқызылады. Бұл жерде сондай сегіз бокс бар. Келіп түскен пациенттерге барлық медициналық көмек көрсетіледі. Бұл әдіс инфекцияның өзге адамдарға жұғып кетпеуі үшін жасалған.
Мұндағы әр төсек қасында оттегімен қамтамасыз ету жүйесі орнатылған. 45 қарқынды емдеу палатасы, 48 жасанды желдендіру аппараты, компьютерлік томмография, коронавирусты анықтау зертханасы яғни ПТР орталығы бар.
«Аурухана ашылып келесі толқын байланысты көп дәрігерлер дайындадық. 580 штаттық орын бар. Соның ішінде 105 дәрігер. Бүгінгі күні дәрігерлердің бәрі жұқпалы ауруларға көмек көрсетуге дайын», – деді Қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Тамара Утаганова.
Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлермен кездесу барысында ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту, медициналық мекемелерді қажетті құрылғылармен жабдықтау, төсек-орын мен инфрақұрылымды жаңарту, сондай-ақ, дәрігерлердің еңбекақысын арттыру мәселелеріне тоқталды.
«2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің еңбекақысын бүкіл экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге жеткізу міндеті қойылады. Алғашқы медициналық санитарлық жәрдем беру ісін дамытуға баса мән беріледі. Өкінішке қарай, біз бұл салаға уақытында назар аудармадық. Эпидемия мұндай іс-қимылдардың қате екенін көрсетті. Қазір жіберген қателіктерге дұрыс көңіл бөліп, оларды түзетуіміз керек. Әрине, медицина әрдайым басты назарымызда болады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы пандемияға қарсы күресте дәрігерлердің ерекше үлесін атап өтіп, алғыс білдірді. Президент коронавирустың жаңа толқыны келер болса дайын болуымыз керектігін айтты.
«Қазір бүкіл әлемдегі жағдай күрделі. Еуропа мен Америкада коронавирустың екінші толқыны өтіп жатыр. Осындай жағдайда біз қырағылық танытып, дайын болуымыз қажет. Пандемияның бірінші толқынынан жақсы сабақ алдық. Бұл тәжірибенің пайдасы болады. Әрине, қиын болды, қателіктер жіберілді, соның ішінде, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да ағаттықтар кетті. Бұл қателіктерді жұмыс барысында жөндеуге тура келді. Дегенмен кез келген тәжірибенің, тіпті ауыр болса да, пайдасы бар. Сондықтан екінші толқынға дайын болайық. Содан кейін бүкіл дүниежүзімен, халықаралық қоғамдастықпен бірге барлық қиындықты лайықты түрде еңсеруге тиіспіз», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келесі кезекте Қасым-Жомарт Тоқаев индустриялық аймақта орналасқан Hyundai автокөліктерін шығаратын зауытқа барды. Жылына 30 мың автокөлік жасауға қауқарлы компанияның жұмысымен танысты. Іргетасы былтыр көктемде қаланған зауыт қазанның ортасында 100 пайызға іске қосылмақ. Сөйтіп 700 адамға арналған жұмыс орны пайда болады. Мамандар машиналарды елден бөлек шетелге экспорттауды көздеп отыр.
Келесі кезекте Қасым-Жомарт Тоқаев индустриялық аймақтағы жеңіл автокөліктер шығаратын Хюндай Транс зауытының ашылуға дайындығын тексерді. Іргетасы былтыр көктемде қаланған зауыт қазанның 15-інде толықтай іске қосылмақ. Пайдалануға берілгеннен кейін бірінші кезеңде жылына 30 мың, екінші кезеңде 45 мыңға дейін машина жасалады. Сөйтіп 700 адамға арналған жұмыс орны пайда болмақ.
«Бұл жерде шанақты дәнекерлеу және оны бояу операциялары істелінетін болады. Қазіргі кезде Оңтүстік Кореядан келген 45 маман жұмыс істеп жатыр бізде. Біздің мамандарды дайындап жатыр. Әр операциядан кейін әр цехта әдейі бөлінген бір пост бар, сол жерде шығарылған көліктің сапасы тексеріледі», – деді «Astana Motors» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев.
Осы тұста мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдау мәселесін тоқталып, бизнеске еркіндік қажеттігін алға тартты.
«Мен өз Жолдауымда еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән бердім. Әсіресе, бизнестің, кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік органдар тарапынан келтірілетін кез келген кедергі елімізге қарсы жасалған қылмыс ретінде қаралатынына арнайы тоқталдым. Яғни, басқаша айтқанда, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. Бұл – экономикалық саясатымыздағы негізгі бағыт. Нарықты монополистерден тазалау керек. Барлық лайықты кәсіпкерлердің біздің нарыққа еніп, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беру қажет. Сонда ғана экономика еркін дами алады. Мұның бәрі жаңа ұйымдастыру шараларын қабылдауды талап ететіні сөзсіз. Бұл шаралардың бәрі тиімді болады деп үміттенемін», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президентке әйнек пен аллюминийден жасалған энерготиімді, сәулеттік қасбеттер өндіретін кәсіпорын таныстырылды. Мұнда 250-ден астам жұмысшы еңбек етуде. Құрылыс материалына сұраныс көп болғандықтан тағы 150-дей маман керек деді мұндағылар. Жалпы индустриялық аймақта жыл соңына дейін құны 85 млрд теңге болатын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Президентке әйнек пен аллюминийден жасалған энерготиімді, сәулеттік қасбеттер өндіретін кәсіпорын таныстырылды. Мұнда 250-ден астам жұмысшы еңбек етуде. Құрылыс материалына сұраныс көп болғандықтан, тағы 150-дей маман керек деді мұндағылар. Жалпы индустриялық аймақта жыл соңына дейін құны 85 млрд теңге болатын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Қазір өнімдерді Өзбекстанда да өндіруді жоспарлағанбыз. Ол үшін арнайы тендерге де қатысып жатырмыз. Сондай-ақ, сұраныстың көптігінен екі-үш ауысымдық жұмыс жүйесіне көшпекпіз. Құрылғылардың бәрі жаңа», – деді «КСМ Техновид» ЖШС директоры Сергей Хрущев.
Сондай-ақ, бірнеше жылдан бері қайта жөндеуге жабылған «Алмалы» сауда ойын-сауық кешенінің жерүсті алаңы қолданысқа берілді. Кешен еліміздегі жалғыз жерасты сауда ойын-сауық орны саналады.
«Біз кешеннің сейсмикалық жағдайын екі есеге дейін бекіттік. Іргетасын мықты ұстап тұру үшін 1,5 мың текше метр бетон құйылды. Сосын орталықтың бел ортасына беріктігін арттыру мақсатында карбон ленталарын орнаттық. Қазір нысан 10 баллдық жер сілкінісіне төтеп бере алады», – деді «Almaly Trade» компаниясының директоры Анастасия Петранцова.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы «SEN» атты заманауи музыкалық және шығармашылық орталықтың жұмысын көрді. Мектепте шу естіртпейтін арнайы материалдардан жасалған музыкалық сыныптар, түрлі дайындық залдары мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған барлық жағдай бар. Жуырда тағы екі көпсалалы оқушылар сарайы, бірнеше дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу жоспарланған.
Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио кешенінің көмегімен, Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы