Бердібек Сапарбаев Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалды

20.08.2019 16:03

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылды

24.kz

Бердібек Сапарбаев Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Осыған дейін Бердібек Сапарбаев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған еді.

«Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылсын», - делінген Ақорданың хабарламасында.

Бердібек Сапарбаев 1953 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Бесарық ауылында туған. Еңбек жолын Қызылорда облысының Задария кеңшарында жұмысшысы болып бастады.

Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Мемлекеттік еңбек жинақ кассалары республикалық басқармасында экономист, Қазақ КСР-і Қаржы министрлігінде экономист болып қызмет атқарды.

Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары болды, ҚР Президенті аппаратында және Министрлер кабинетінде жұмыс істеді.  

1995-1999 жылдары Қызылорда облысының әкімі, 1999-2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болды.

ҚР Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, қаржы вице-министрі - ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің төрағасы (2002-2006), ҚР Премьер-министр кеңсесі жетекшісінің орынбасары - ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкіметтің өкілі (2006-2007), ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі қызметтерін атқарды.