Мәулен Әшімбаев Сенат төрағасы болып сайланды

26.01.2023 16:22

Жасырын дауыс беру кезінде барлық сенаторлар Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады

akorda.kz

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасы мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Президент Сенат Төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынған болатын.

«Өздеріңіз білесіздер, менің Жарлығыммен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Сенат депутаты болып тағайындалды. Конституцияның 58-бабының 1-тармағына сәйкес Сенат Төрағасы лауазымына Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынамын.

Ол бұған дейін осы міндетті абыроймен атқарды. Заң шығару жұмысын жақсы біледі. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан, оны Сенат Төрағалығына лайықты деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы

Мәулен Әшімбаевты  жоғары палата тізгінін қайта ұстайды. Ал Сенаттың вице-спикері қызметін Жақып Асанов атқарады.



 «Мемлекет басшысы Парламенттің міндетін белгілеп берді. Шын мәнінде атқаратын жұмыс аз емес. Әсіресе, елімізде жүріп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету  маңызды. Президент жүктеген міндетті сапалы орындауымыз керек», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.


Жиын соңында жаңадан келген сенаторлар халыққа мүлтіксіз адал еңбек етемін деп ант берді. Сондай-ақ 6 комитеттің төрағалары сайланды.

Нұртөре Жүсіп – Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы. Сүйіндік Алдашев – Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы. Бұрын Алматыдағы Медеу ауданында әкім болған Сұлтанбек Мәкежанов Қаржы және бюджет комитетін басқарады. Әли Бектаев – Аграрлық мәселелерді дамыту комитетінің төрағасы. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін Асқар Шәкіров тізгіндесе, Андрей Лукин Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы болды.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана