Алматыда Қасым-Жомарта Тоқаевтың төрағалығымен мегаполисті экономикалық-әлеуметтік бағытта дамыту турасында жиналыс өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Жиналыста қала әкімі Бакытжан Сағынтаев сөз сөйледі:
«Сіздің жұмыс орындарын құру және азаматтардың табыс көлемін ұлғайту туралы бағдарламалық жолдауыңыздың негізінде әкімдік экономиканың жаңа саласын қалыптастыруға ден қойды.
Болашағы зор бағыт – білім экономикасы, цифрландыру, креативті индустрия, туризмсаласы, қызмет көрсету және т.б. Осылар сіз өз Жолдауыңызда айтқандай, жаңа экономикалық өсудің алға сүйрейтін күшіне айналмақ.
Әкімдік жұмысының басты негізі – Сіздің Сайлауалды бағдарламаңызда анықталғандай, еліміздің мегаполистері – «шетсіз қала» және «қолжетімді жерде» даму принциптері.
Сол үшін біз ең алдымен қаладағы барлық аудан тұрғындарымен кездесіп, диагностика жасадық. Соның нәтижесінде қалалықтар үшін өзекті мәселелер анықталды, біз бірінші кезекте соларды шешумен айналыстық.
Таяу 3 жылда біздің айналысатын міндеттердің бірі – елдімекендерді 100% ауызсумен қамту.
Бүгінде қала шетіндегі 23 шағынаудан – орталықтан берілетін ауызсу жоқ (суды тасып ішеді). 11 шағынауданда құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Қалған 12 шағынаудан 2020 жылы дайын болады.
Азаматтардың шағымдарына ден қойып, біз қала шетін жарықтандыру мәселесіне бюджеттік қаражатты қайта бөлдік. Қазірдің өзінде бұрын мүлдем жарық болмаған 208 көшеге жарық қойылды. Келесі жылы қалған 1 176 көшені жарықтандыру жоспарда тұр.
Ұзындығы 139 шақырым болатын 147 көше жөндеуден өтті. Шет жақтағы 120 көшеге 33 шақырым жаңа жол төселді. Қазір 10 шағынауданда тағы 85 шақырым жол салынуда. Келесі жылы қосымша тағы қаланың шет жағындағы 120 шақырым жолды жөндейміз.
• Аулаларды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс басталды
Қала бойынша 4,5 мың аула бар. Жыл соңына дейін 653 жаңа аула салынады, солайша абаттандырылған аулалар көлемі 53 пайызды құрайды.
Алдағы 3 жылда аулаларды 100% абаттандырып бітеміз.
• Қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары басталды
Жеке инвесторлар арқылы жаңа 202 автобус сатып алынды.
Әкімдік қаражатының есебінен 230 газбен жүретін жаңа автобустар әкелу басталды, олар жыл соңына дейін бағыттарға қойылады.
Сондай-ақ биыл қаладағы барлық троллейбустар желісін модернизациялау басталды.
Мектеп пен балабақша құрылыстары басталды
900 орындық 2 мектеп, 560 орындық 3 балабақша тапсырылды.
Келер жылдың басында 790 орындық 5 балабақша және келесі жаңа оқу жылына қарай– 3 мектеп беріледі, олардың біреуі жеке инвестиция есебінен.
Бүгінде 2 мектеп пен 5 құрылыс басталды, олардың бірі бизнестік әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылуда.
2020 жылдан 17 мектеп құрылысы басталады, соның ішінде:
- 5 мектеп РБ есебінен;
- 8 мектеп МЖС аясында;
- 3-і жеке инвестиция есебінен.
Қосымша таяудағы 4 жылда 11 мектептің қосымша құрылысы, 12 мемлекеттік балабақша салынып, 400 жекеменшік бақша ашылады.
Осындай алып құрылыс алдағы бес жылда 51 мың оқушы мен 23 мың балабақша орнындағы тапшылықты шешуге тиіс.
• Медицина саласында ауқымды жұмыстар жүргізілуда
Біз медициналық мекемелерде аудит жүргізіп, қолдағы бар 30 мың медициналық жабдықтың 10 мыңға жуығының тозығы жеткенін анықтадық. Осыған байланысты жабдықтарды модернизациялау турасында 3 жылдық жоспар түзілді. Жалпы шығын сомасы – 60 млрд. теңге шамасында.
Одан бөлек, «қолсозым жерде» принципі бойынша дәрігерлік амбулаториялардағы тұтынушылық қажеттілігінің 3 жылдық жоспары құрылды. Барлығы 35 амбулатория анықталды. Солардың 7-і ашылды, бір ауысымда 100 адамға қызмет көрсете алады. Жыл соңына дейін тағы 3-і ашылады.
Алатау ауданында жедел жәрдем қызметінің жаңа шағын станциясын іске қостық, соның арқасында дәрігерлік бригаданың жету мерзімі 11-13 минутқа қысқарды. Жедел жәрдем желісіне 38 жаңа көлік табыс етілді.
Ал енді 2019 жылдың 9 айындағы дамудың негізгі нәтижелеріне және қаланың алдында тұрған түйінді мәселелерге қысқаша тоқталып өтейін.
Көрсеткіштер әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасын көрсетіп отыр.
І-ші жартыжылдықта жалпы өңірлік өнім өсімі 4,1%-ды құрады.
Өнеркәсіп 5,9%-ға артты.
Инвестиция – 5,5%-ға,
Құрылыс - 3,1%-ға,
Тұрғын үйді пайдалануға беру - 2,8%-ға өсті.
Инфляция 3,3%-дан аспайды.
Жұмыссыздық деңгейі 5,1%-ға дейін төмендеді. Жыл басынан бері 29,2 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Салықтық әкімшілендіруді жақсарту есебінен мемлекеттік бюджетке түсетін салық өткен жылға қарағанда 12,4%-ға көп жиналды.(Анықтама үшін: РБ-1 195,9 млрд.теңге, ЖБ – 324,2 млрд. теңге)," - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.