Депутаттар заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады
Мәжілістің жалпы отырысында «1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы өзара қатынастар туралы келісімге Қосымша келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов аталған келісімге былтыр Рим папасы келгенде қол қойылғанын айтты.
«Бүгінгі заң жобасы – «1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы өзара қатынастар туралы келісімге қосымша келісімді ратификациялау туралы». Бұл келісімге Рим папасы Францисктің Қазақстанға былтырғы іссапары барысында қол қойылды. Аталған шарт католик шіркеуі қызметкерлерінің санатын, тиісті субъектілерін және құзыретті органдарын нақтылайды, тұрақты тұру тәртібі жеңілдейді. Атап айтқанда, банк шотында ақша болуы, тұратын жерін растау туралы талаптар алынып тасталады. Олардың орнына католик шіркеуінің жазбаша растауы жеткілікті болады», - деді министр.
Ол атағандай, аталған ұсыныстар конфессияаралық келісімді нығайтуға, халықаралық деңгейдегі елімізді құқықтық мемлекет ретінде абыройын арттыруға септігін тигізеді.
Депутаттар заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады.