Сайлау-2019: 1,5 миллионнан астам адам дауыс берді

09.06.2019 16:51

Сайлауға 12 миллион қазақстандық қатысады деген болжам бар

Ел астанасында науқан қызу жүріп жатыр. Таңғы сағат 7:00-де ашылған сайлау учаскелеріне 1,5 миллионнан астам адам дауыс беріп үлгерген. Олардың арасында билік өкілдері мен жастар да бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сағат 10:00-га дейін елімізде 1,5 миллионнан астам адам дауыс беріп, азаматтық позициясын білдіріп үлгерген. Өз таңдауын жасаушылар демалыс күні - жексенбінің таңына қарамастан, ерте келіп, тіпті кезек күткен. Науқанға қатысушылардың қатарындағы елордалықтардың да белсенділігі жоғары. Таңғы 07:00-ден бастап бір уақытта бас қалада 238 дауыс беру учаскесі есігін айқара ашты. Көпшілікпен бірге өз конституциялық құқығын қолданып, дауыс беруге Еліміздің Премьер-министрі Асқар Мамин де келді. Ол өз таңдауын қаладағы нөмірі 138-ші сайлау учаскесінде жасады. Бүгін елордада дауыс берем деушілерге барлық жағдай жасалған. Соның бірі - қоғамдық көлікпен қатынау тегін. Бұдан бөлек, 200-ден астам учаскелерде спорт сүйер қауым жерлесіміз Генадий Головкиннің жеңісін тамашалай алды. Айта кетейік, қазіргі уақытқа дейін 13 пайызға жуық сайлау бюллетені алынған.

«Бүгін сағат 10:00-ге дейін 12,8 пайыз сайлау бюллетені алынды. Олардың ішінде Ақмола облысы – 20,5%, Ақтөбе – 16%, Алматы облысы – 17,7%, Атырау облысы – 8,5%, ШҚО –15,5%, Жамбыл – 16,5%, БҚО – 7,4%, Қарағанды облысы – 10,1%, Қызылорда – 11,1%, Қостанай – 12,8%, Маңғыстау – 9,7%, Павлодар облысы – 11,4%, СҚО – 12,2%, Түркістан – 15,5%, Нұрсұлтан қаласы – 10,3%, Алматы қаласы – 4,1%, Шымкент қаласы – 11,9%», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ақылбек ИХДАНОВ.

Естеріңізге сала кетейін, республика бойынша 9920 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Сайлауға 12 миллион қазақстандық қатысады деген болжам бар. Белгілісі, шетелдегі 15 мың отандасымыз қатысуға ниетті екен. Ал әлемнің 15 мемлекетінде қазақстандықтар үшін 18 сайлау учаскесі жұмыс істемек. Сайлаудың алдыңғыларынан бірқатар өзгешелігі бар. Оның ішінде президенттік сайлауға алғаш рет әйел адамның үміткер болуы. Президенттікке кандидаттардың саны болса 7-еу. Олардың барлығына тең жағдай жасалған.

Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы 

Теги: Выборы 2019