Қосанов өз ұстамын жария етіп, билікті келісімге шақырды
Президенттікке үміткер Әміржан Қосанов эфирге шығып, елге мәлімдеме жасады, сайлауда болған арандатушылық жағдайларды айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
«Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында шетелдегі псевдооппозиционерлердің байкот идеясын қолдаушылардың толқуы болды. Бұл үлкен резонанс туғызды. Сайлау өтіп жатқандықтан, рұқсат етілмеген бұл оқиғаға қатысты құзырлы органдар өз позициясын білдірді. Осыған байланысты мен мәлімдеме жасаймын: Шетелде кафеде кофе ішіп отырып, қазақстандықтардың конституциялық құқығын бұзып, сайлау алдында отқа итермелеу – саяси арандату, саяси оңбағандық. Жастарымыз соған алданып жатыр. Қазір Қазақстан транзит кезеңінде. Мұндайда елде саяси өзгерістер болады. Сөзсіз болады. Ол халықтың талабы ғана емес, билікте соны қалап отырған күштер бар».
Осылай деген Ә. Қосанов өз ұстамын жария етіп, билікті келісімге шақырды.
«Біз неге қит есте, билік өзгеруі керек дейміз. Оппозиция да өзгеруі керек. Суперрадикалды, ешқандай мәмілеге келмейтін, керісінше мемлекеттің, тәуелсіздігіміздің мүддесі үшін елдегі әділетті қоғам төңірегінде диалогқа келу керек деп ойлаймын. Еліміз қазір жаңа кезең алдында. Оппозицияда жүрген азамат ретінде айтарым, елімізге іштен ғана емес, сырттан да қауіп төніп тұр. Сонда жауапсыз, еліміздің болашағына қауіпті жолға бара аламыз ба? Менің билікті қоғаммен диалогқа шақырып келе жатқаныма 20 жылдан асты», – деді ол.
Әміржан Қосанов, әсіресе, жастардың арандауға ұшырамауын сұрайды. Бұл ең әуелі ел тыныштығы үшін қажет деп атап өтті.
«Шетелдегі псевдооппозиционерлер сайлау кезінде халықты қақ жарып жіберді. Мен сайлауға түскенде басында байкот жариялады, қаралап, күйе жақты. Әсіресе, жастар бұған сенбеуі керек. Сондықтан бізге алда болатын парламенттік сайлауға оппозиционер ретінде балама бағдарламамызды ұсынып, билікпен мәмілеге келу керек деп ойлаймын. Шетте жүргендердің арандатушылығына беріліп, тыныштығымыздан, елімізден айырылып қалмайық. Қазақстанға бір үстелде отырып диалог құра алатын жаңа билік пен жаңа оппозиция керек. Осы ойымды ашық білдіру үшін бүгін түн ортасы болса да, ашық эфирге шығып отырмын», – деді Қосанов.
Естеріңізге сала кетсек, кеше, 9 маусым Қазақстан Республикасында президенттік сайлау өтті. Алматы мен Нұр-Сұлтанда митингіге шыққан жүздеген адам ұсталды.
«Қоғам пікірі» институтының нәтижесі бойынша, сайлаушылар даусының 70,13%, ал «Жастар» зерттеу орталығының сауалнамасы бойынша 69,94% Қасым-Жомарт Тоқаев иеленген.