|
29.08.2019 | 18:04
2176

Нұр-Сұлтанда Назарбаев сыйлығы табыс етілді

Жеңімпаздардың есімін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялады

Нұр-Сұлтанда Назарбаев сыйлығы табыс етілді

«Қазақстан әлемдегі ядролық державаларды Нұр-Сұлтан қаласында бас қосып, уағдаластыққа қол жеткізуге шақырды». Еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәл осылай деді. Бүгін елордада Елбасы және Президенттің қатысуымен Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Маңызды басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлі күнге дейін ядролық сынақтардың салдары сезілетінін алға тартты. Әлбетте, полигон жұмысының салдарынан мыңдаған жергілікті тұрғын мен табиғатқа орасан зор нұқсан келді. Президент бір термоядролық бомба Жапониядағы Хиросимаға тасталған бомбадан 26 есе күшті болғанын, радиоактивті қалдықтар 100 мыңдаған шаршы шақырымға таралғанын еске сала кетті. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы жарлығының тарихи маңызына ерекше тоқталды.

«Бүгінгі кездесуіміздің символдық мәні зор. Биыл Қазақстанның ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен МАГАТЭ-ға қосылғанына 25 жыл толды. Сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарт күшіне енгеніне 10 жыл болды. Біздің басқосуымыз осындай маңызды оқиғалармен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан қару-жарақ арсеналы жағынан әлемдегі 4-ші ел болып саналғанын жақсы білесіздер. Қазір біз ядролық мемлекеттер қатарынан әлемдік антиядролық қозғалыстың жаһандық көшбасшысына айналдық», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Кеңес одағы ыдыраған соң Қазақстан әлем бойынша зымырандық-ядролық жоғары әлеуетке ие болған мемлекеттердің қатарында еді. Бізде 1400 ядролық оқтұмсығы бар 100-ден астам құрлықаралық баллистикалық зымыран орналасқан. Еліміздің сол кездегі ядролық әлеуеті Франция, Ұлыбритания және Қытайдың жиынтық күшінен де асып түсетін. Кейбір елдердің мемлекет басшылары Назарбаевқа оны сақтап қалуға иландыруға тырысқан.

«Қазіргі барлық сын-тегеуріндер мен сын-қатерге бетпе-бет келіп отырған жаһандық қоғамдастық өзі бойынан даналық тауып, біздің ғаламшарымыздың болашағы үшін диалогқа қарай батыл қадам жасауы тиіс. Бұл диалог егерде барлық ядролық державаның басшылары келіссөздер үстеліне отырар болса, нәтижелі болмақ. Осы ретте АҚШ, Ресей және Қытайдың және өзге де ядролық державалардың басшыларын қазақ жерінде кездесіп, уағдаластыққа қол жеткізуге ресми ұсыныс жасадым», – деді  ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы 2016 жылы бекітілген. Ол екі жылда бір рет тапсырылады. Биыл аталған сыйлықты Нұрсұлтан Назарбаев МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры, марқұм Юкио Амано мен Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассин Зербоға табыс етті.

«Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры, марқұм Юкио Аманомен бірге алу – мен үшін үлкен құрмет. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 29 тамызында батылдығының арқасында Семей ядролық полигонды жапты. Төртінші ең ірі ядролық арсеналдан бас тартты. Осы үшін Қазақстанға, Елбасына үлкен рахмет. Қазақстан моральдық тұрғыдан мықты мемлекет екенін танытты. Сіздер ядролық қарусыз әлемде чемпионсыздар!», – Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассин ЗЕРБО.

Елбасы ядролық державаларға полигондардың инфрақұрылымдарын жоюды ұсынды. Бұл ретте Қазақстан тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир