Бұл ретте жобалардың басым бөлігі аяқталғандықтан, жұмысынан босап қалатын адамдарды жұмыспен қамту шараларымен қамту керектігі атап өтілді
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов және Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықова баяндама жасады.
«Биыл дағдарысқа қарсы қабылданған шараларды іске асыру халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауға ықпал етті. Жұмыспен қамтудың жол картасы қазақстандықтардың жұмысы мен табысын сақтауға септігін тигізді, елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділігін көрсетті», – деді А. Мамин.
Жұмыспен қамтудың жол картасының шеңберінде шамамен 6600 әлеуметтік, коммуналдық және көліктік инфрақұрылым объектісі салынып жатыр. Жобалар аяқталған соң, сабақтас салаларда 100 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. Жол картасының жобаларын іске асыру үшін қажетті тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің шамамен 90%-ы отандық өндірушілерден сатып алынды. 19 мыңға жуық бизнес субъектісі 488 млрд теңгеге тапсырыс алды, кемінде 114 мың жұмыс орны сақталды.
Премьер-Министр жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жоғары екенін атап өтті.
Үкімет басшысы әкімдіктерге Жол картасының жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.
Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін 2021 жылға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасын жаңарту және онда тұрақты жұмыс орындарын құруға баса мән беру тапсырылды. Бұл ретте жобалардың басым бөлігі аяқталғандықтан, жұмысынан босап қалатын адамдарды жұмыспен қамту шараларымен қамту керектігі атап өтілді.
Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық мемлекеттік бағдарламалардың жұмыс орындарын құру бойынша индикаторларын жаңарту, тиісті статистикалық есепке алу жүйесін енгізу, сондай-ақ жұмыс орындарын құрудың өңірлік карталарын әзірлеп, бекіту тапсырылды.