Қытай мен АҚШ 13 раунд келіссөзден кейін сауда келісіміне қол қойды

16.01.2020 17:04

250 миллиард долларды құрайтын Қытайдың 25 пайыз тауарына қойылған баж салығы күшінде қалды

Алайда Трамп, басымдықты өз жағында ұстап қалған секілді. Өйткені, осыған дейін жалпы құны 250 миллиард долларды құрайтын Қытайдың 25 пайыз тауарына қойылған баж салығы күшінде қалды. Кеше тараптар сауда келісіміне келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Меморандумның алғашқы фазасы бойынша, Қытай 2 жыл ішінде АҚШ-тан сатып алынатын ауылшаруашылық және басқа да тауарлар құнын 200 миллиард долларға көтеруге міндеттелді. Осыған орай, Вашингтон 2019 жылдың желтоқсан айында Қытай тауарларына салынған баж салығын алып тастады. Бірақ, толық емес, АҚШ президентінің сөзінше, салықтың барлығын алып тастаса, алдағы келіссөздердің болмай қалуы мүмкін. Осыған қарағанда әзірге есеп АҚШ-тың пайдасына 1:0. Ал, Қытай халық республикасының басшысы Си Цзиньпин олай ойламайды. Оның ойынша, екі жақ қол қойған құжат екі ел арасындағы кикілжіңді диалог арқылы шешуге мүмкіндік береді. Келісім Пекин мен Вашингтонға ғана емес, бүкіл әлемге пайдасын тигізеді. Ұзақ уақытқа созылған алыптар теке тіресі осылайша аяқталды. Алдағы уақытта екінші келіссөздің фазасы күтілуде.