Қазақстан мен Оңтүстік Корея СІМ-дері арасында саяси консультация өтті

15.04.2023 17:25

Жоғары деңгейдегі екіжақты іс-шаралардың кестесіне ерекше назар аударылды

gov.kz

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Корея Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы екіжақты саяси консультациялардың 12-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш, кореялық делегацияны Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Чой Ёң Сам бастады.

Консультациялар барысында тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы Қазақстан-Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртіптегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Жоғары деңгейдегі екіжақты іс-шаралардың кестесіне ерекше назар аударылды.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар екіжақты әріптестікті одан әрі нығайту мақсатында сыртқы істер министрліктері арасындағы тығыз диалогты жалғастыруға келісті.

Корея Республикасы – Қазақстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі. 2022 жылы екіжақты тауар айналымы 6,1 миллиард АҚШ долларын құрады. Сол уақыт аралығында Корея Республикасы Қазақстан экономикасына шамамен 1,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйып, бұл екіжақты қарым-қатынаста бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткішке ие болды.