Қазақстанның ресми ұстанымы қазір талқыланып жатыр, деді Сыртқы істер министрі
Екі ел арасындағы жағдайға байланысты қазір Қазақстан тұрақтылық сақтап отыр. Осылай деген ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресейдің Донецк пен Луганскіні тұрақтандыру шешіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта Қазақстанның күн тәртібінде аталған екі республиканы мойындау мәселесі тұрған жоқ. Ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің «Ресей өтініш білдірсе, Қазақстан Донецк пен Луганскіге өз әскерін жібере ме?» деген сауалына да жауап берді.
«Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бар. Оған Қазақстан мүше. Бірақ бұл ұйымның ол жаққа әскер жіберуге құқы жоқ. Өздеріңіз білесіздер, кеше Ресей Донецк және Луганск Халық Республикаларын тұрақтандыру жөнінде шешім қабылдаған болатын. Сондықтан қазіргі жағдай өте күрделі, шиеленісіп бара жатыр. Ал Қазақстанның ресми ұстанымы талқылану үстінде», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Сонымен қатар, министр қажеттілік туындаған жағдайда Украинадан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді. Қандай да бір әскери іс-қимыл бола қалған жағдайда азаматтарымызға шұғыл түрде Киевтегі елшілігімізге хабарласу керек деді. Ал қазір Ресей Президентінің Донецк пен Луганскіні мойындау туралы Жарлығына қатысты Қазақстанның ресми ұстанымы әзірленіп жатқанын айтты.
«Біріншіден, Ресейдің неліктен мұндай шешім қабылдау себебін сараптау қажет. Батыс пен Ресей арасында қауіпсіздік жүйесіне қатысты уағдаластықтың жоқ екендігі түсінікті. Екіншіден, «норманд форматына» қатысушылар Минск келісімін жүзеге асыру жолдарына қатысты өзара түсіністікке келе алмады әрі қабілетсіз болып шықты. Бұл да себептердің бірі. Үшіншіден, Донецк пен Луганскідегі гуманитарлық дағдарыс жайында айтып отырмыз. Қазіргі уақытта аталған республикалардан Ресейге қарай босқындар ағылып жатыр», - деді Мұхтар Тілеуберді.