Алматыда ЕАЭО елдерінің Премьер-Министрлерінің қатысуымен «Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» форумы өтуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Үкімет басшылары өткен жылдың қорытындысын шығарып, Одаққа кіретін мемлекеттерді цифрландыру саласында қандай жетістіктерге жеткенін атап өтті. Қаңтардың соңғы күні Қазақстанның оңтүстік астанасына Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің — Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь және Қырғызстан Үкіметтерінің басшылары келді. Таңертеңнен бастап «Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» форумына саяси көшбасшылар, жетекші CEO, ақпараттық технологиялар саласындағы халықаралық сарапшылар жиналды. Биыл форум үлкен деректер (Big Data) және жасанды зерде негізінде өңірдің тұрақты дамуын құру жолдарын талқылауға арналған. Айта кету керек, цифрлық форум 2017 жылдан бастап жыл сайын Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен өткізіледі. Форум Қазақстан, Ресей Федерациясы, Беларусь, Молдова Премьер-Министрлері, Қырғызстан мен Арменияның вице-премьерлерінің қатысуымен «Деректер мен жасанды зерде негізінде тұрақты аймақты құру» тақырыбында пленарлық сессиямен ашылды.
Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин форум қатысушыларына арнап сөз сөйледі. Қазақстан Үкіметінің басшысы бұл Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін және осы бағыттағы Одақ елдерінің ынтымақтастық перспективаларын талқылау үшін Алматыда бас қосатын жыл сайынғы іскерлік дәстүрге айналғанын атап өтті.
«Бүгінде әлемдік экономиканың дамуына елеулі әсер ететін цифрлық технологиялар мен инновациялар қарқынды даму үстінде. Елдеріміздің сапалы дамуында шешуші рөл атқаратын жасанды зердені дамытуға ерекше көңіл бөлінеді», — деді Асқар Мамин.