Халықаралық қаржы орталығындағы үш залға қазақтың үш биінің есімі берілді

03.07.2019 00:46

Халықаралық төрелік орталығы ғимаратының ашылуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты

Bnews.kz

Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығы Соты және халықаралық төрелік орталығының ғимараты ашылды. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұдан бөлек, халықаралық маңызы зор оқиғаға қатысқандар арасында корольдік адвокаты Барбара Доманн мен Астана халықаралық қаржы орталығы сотының төрағасы Лорд Вульф те бар. Ерекше айтып өтерлігі, сот залдарына қазақтың үш биі: Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің есімдері берілді.

«Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығы соты мен төрелік орталығы өз тарихын жаза бастады. Олар өте маңызды рөл атқарып, әділдік пен шыншылдықтың символына айналмақ. Бұның уақыты келді. Біздің сот жүйесінің ХV ғасырдан басталғанын ерекше айтып өткім келеді. Қазақстандағы негізгі сот органы билер соты болған. Би біздің тілімізде судья дегенді білдіреді. Аталған сот бізге әділдік, шынайылық арқылы бейбітшілік, үйлесімге қол жеткізуге көмектесті», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Біздің енді ең заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған әсем ғимаратымыз бар. Сот төрелігін іске асыру үшін заман ағымына сай электронды құрылғыларымыз, өзіміздің қазақстандық кәсіби мамандарымыз да жетерлік. Әлбетте, халықаралық төрелік орталығының жұмысын жасау үшін де халықаралық арбитрлар бар. Олардың барлығы көп тілді меңгерген және әртүрлі заң саласында тәжірибесі мол өз ісінің майталмандары», – деді Астана халықаралық орталығының төрайымы, корольдік адвокаты Барбара ДОМАНН.