Ақордада Эмманюэль Макронды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті

01.11.2023 17:25

Эмманюэль Макрон Қазақстан мен Франция арасындағы байланысқа жоғары баға берді

Аkorda.kz

Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада оны үлкен құрметпен күтіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Келіссөз басталмас бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронға ілтипат білдіріп, жылы қарсы алды.

– Президент мырза, біз үшін бүгін үлкен оқиға. Сіздің сапарыңызды бәріміз құптаймыз. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық жақсы дамып келе жатыр. Дегенмен екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беру керек. Сондықтан сіздің сапарыңызды тарихи, өте маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін. Оған ешқандай күмәнім жоқ, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның Еуропа Одағындағы басты және сенімді серіктесі, сондай-ақ ел экономикасының ірі инвесторының бірі екенін атап өтті. Өз кезегінде Эмманюэль Макрон Қазақстан мен Франция арасындағы байланысқа жоғары баға берді. Мемлекет басшылары қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Екіжақты кездесуден кейін олар келіссөздерді екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды.

– Астанаға келіп, Сізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Осы сапарды ұйымдастырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл сапар біздің екіжақты серіктестігіміз үшін маңызды жылмен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгін өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ Жарғысын, соның ішінде аумақтық тұтастық, ұлттық тәуелсіздік қағидаттарын сақтауға бейілді екенімізді тағы да нақтылай аламыз. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылаймыз. Біз –экономикалық тұрғыдан серіктес елдерміз. Сондай-ақ Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық-стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамыта түсетін маңызды келісімдерге қол қоямыз, – деді Франция президенті Эмманюэль Макрон.

Оқи отырыңыз: Франция Президенті Эмманюэль Макрон ресми сапармен Қазақстанға келді